Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде екі полицей қаза тапты

Полиция көлігі
Фото: magnific.com

Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық полиция бөлімінің екі қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде болған жол апаты салдарынан қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиға туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шараларының кешені жүргізілуде", – делінген хабарламада.

Полиция департаменті мен ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен аға сержант Нұрғали Әдиетовтің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Полиция қызметкерлері
Фото: instagram.com/sadenov_online

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына көңіл айтты.

"Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полиция аға сержанты Нұрғали Әдиетовтің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын", – деп жазды министр.

Министр қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына министрлік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістанда полицей жүргізушіні қуамын деп жол апатына түсіп, қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 22:25