Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде шашылып жатқан қоқыстан мемлекеттік аурухананың құжаттары табылған (видео)

Қоқыс жәшігі
Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде шашылып жатқан қоқыстан мемлекеттік аурухананың құжаттары табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде Ақтөбе қаласының тұрғыны түсірген видео тарады. Онда қала сыртындағы далалық аумаққа қоқыс үйіндісінің төгіліп жатқаны бейнеленген. Құрылыс қалдықтарының арасында Ақтөбедегі медициналық мекемелердің біріне тиесілі қызметтік құжаттар, оның ішінде бірнеше есепке алу журналдары табылған.

Жазба бойынша полиция қызметкерлері дереу тексеріс жүргізіп, нәтижесінде аталған медициналық мекеменің жауапты тұлғаларына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ қабылданған шаралардың нәтижесінде аурухана далаға төгілген қоқысты өз күшімен жинаған.

Полиция департаменті тұрғындар мен ұйымдарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, қалдықтарды белгіленген орындарға ғана шығаруға шақырды.

Желіде тараған видеоға қатысты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы да мәлімдеме жасады. 

“Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа байланысты қызметтік тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталған қағаздардың "Пригородный" дәрігерлік амбулаториясында тәжірибеден өтуші студенттердің оқу дәптерлері екендігі анықталды. Аталған құжаттарда науқастардың дербес деректері қамтылмаған және медициналық ақпараттың сыртқа таралуына жол берілмеген”, – делінген хабарламада. 

Басқарма аурухананың барлық құрылымдық бөлімшелерінде қызметтік құжаттарды сақтау және оларды айналымға енгізу тәртібінің сақталуына бақылау күшейтілгенін атап өтті. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әкім кімнің қоқыс тастап жүргенін пакеттегі түбіртектер арқылы анықтауды бастағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 22:14