Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

100 жылқыны ұрлады деп жала жабылған ақтөбелік қария жалғыз үйінен айырылуы мүмкін

Рахат Сәрсенов
Фото: Stan.kz

Күллі қазақ елінің қабырғасын қайыстырған ақтөбелік жылқышы Рахат Сәрсенбайдың апаттық жағдайдағы үйі кепілге қойылған. “100 жылқым жоғалды” деген қожайыны 60 жастағы азаматты екі бірдей сотқа сүйреп, мойнына 10 миллион теңге қарыз ілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

33 жыл бойы жылқы баққан Рахат Сәрсеновтің тағдыры қоғамда үлкен резонанс тудырды. Елді алаңдатқан оқиғада қандай тың мәліметтер бар, арнайы бардық.

“16 жасымнан мал бақтым. 10 жыл қой бақтым. 28 жасымнан жылқы бақтым. Ол кезде жалақым 5 мың теңге болды. Кейін 10 мың, 20 мың, 35 мың жалақы алдым. Соңғы 2023 жылдан жылқы баққаным үшін 150 мың теңге жалақы төледі. 1996 жылы мал баққаным қожайын үшін осы үйді алып берген. Енді үйді қайтарасың деп жатыр. Мен одан артық ештеңе алмадым. Жылда өзім бағып жүрген малдан соғым сатып алдым. 2025 жылы қой қамап жүріп құладым. Аузым қисайды. Кейін қол-аяғыма ие бола алмай құладым. Ол менің ауырғаныма сенбей, соңы осындай айқай болды”, – деді Рахат Сәрсенбаев

60 жастағы қария бірінші сотта біреудің мүлкін талан-таражға салу бабымен айыпталды. Оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, абақтыға қамады. Алайда апелляциялық сот үкімнің күшін жойып, жылқышыны бостандыққа шығарғанын жаздық.

Қарияның туыстары оның бала күнінен мал соңында жүргенін, ешкімге зияны тимеген жуас адам екенін айтады. Отбасы жылдар бойы мал ауылында еңбек етіп, жұбайы аспаз болып жұмысшыларға ас әзірлеген, бие, түйе, сиыр сауған.

“Әкеміз ерте қайтыс болып бала күнінен, 16 жасынан мал бақты. Анамыз екеуі мал бақты. Біздің осындай жетістікке жеткеніміз ініміздің арқасы. 28 жасында Тәжіғали Елеуов жылқыға әкеліп салды. Содан кеше түрмеде отырғанда 60 жасқа келді. 60 жасқа келгенде ауырып, денсаулығын құртып алып отыр”, – дейді бауыры.

Қазір Рахат Сәрсеновтің денсаулығы сыр берген. Жақындары оның қан қысымы жоғары екенін, мүгедектік рәсімдеуі қажет екенін жеткізді.

Үй
Фото: Stan.kz

Қорғаушы Кәрім Ипатовтың айтуынша, жылқышы Рахат Сәрсеновтың ісіне ол тек апелляциялық сатыда араласқан. Істе қандай заңсыздықтар мен күмәнді әрекеттер барын айтып берді.

“Тергеу кезінде Рахат аға қорғаушы алмады. Себебі іс бұлай насырға шабады деп ойламаған. “Ашумен айтылған сөз, кейін бәрі басылар” деп жүрген. Бірақ бірінші сатыдағы сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Істі зерделеген кезде түсініксіз жайттар байқалды. Ең алдымен “100 жылқы ұрланды” деген айыптың дәлеліне күмән туды. Азаматтық іспен  қылмыстық қатар жүрген. Бастапқыда 40 бас жылқы жоқ деп көрсетіп, кейін тағы 60 бас қосады. Жалпы 100 жылқы  талап еткен. Біздің ойымызша, азаматтық тәртіппен үйін тартып алып, қосымша ақша өндіргісі келген.

Азаматтық сот бұл талап бойынша 10 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Ол шешім сәуір айында қабылданып, мамыр айында заңды күшіне еніп кетті. Заң бойынша азаматтық тәртіпте қаралып, шешімі шыққан мәселелер қылмыстық іс аясында қайта қаралмауы тиіс. Сондықтан Қандыағаш қалалық сотында бұл істің қалай қаралғаны біз үшін түсініксіз.

Тағы бір назар аударатын мәселе – Рахат Сәрсеновтың инсульт алуы. Ол инсультті жұмыс орнында алған, кейін 20 күн ауруханада емделді. Оның үстінен дәл сол кезбе арыз жазылды. Бұл жайт та жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Апелляциялық шағым дайындап, шаруашылықтағы мал басын нақтылау үшін мемлекеттік органдарға сұраныстар жолдадым. Келген жауаптар 2 мыңнан аса малдың түгел екені көрсетті. Ұрланғаны туралы дерек тіркелмеген. Егер шынымен 100 бас мал жоғалса, онда 100 бирканың жоқ екені көрінуі тиіс. Ақырында құжат бойынша тек бір бас малдың жоғалғаны ғана расталды”, – деді Ипатов.

Қазір азаматтық соттың шешімі заңды күшіне енгендіктен, Рахат Сәрсенов жылқы иесіне 10 миллион теңге өтеуге міндетті. Алайда адвокаттар бірінші сатыдағы азаматтық сот шешіміне қатысты қайтадан сотқа жүгініп, шағым түсіру сұрағын қарап жатыр.

Рахат Сәрсенов
Фото: Stan.kz

Айта кетейік, жылқышының омырауында ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” төсбелгісі, қолында “Үздік жылқышы” марапаты бар.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облыстық апелляциялық соты өмір бойы жылқы баққан 60 жастағы Рахат Сәрсеновті түрмеден босатқаны туралы жазған едік. Қожалық иесінің арызынан кейін ол 100 жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған. Жылқышының мойнына 30 миллион теңге шығын ілінген. Апелляциялық сотта ұсынылған қосымша дәлелдерден кейін бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды.

 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 19:18