Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді

Қазақстандық жұп Алматыдан Балиге дейін велосипедпен 10 айда жетіп көпті таңғалдырды. Алина мен Максим велосипедпен Гоби шөлін, қалың ормандарды, мұхит жағалауын артқа тастап, жолда аурумен де, тонау әрекеттерімен де кезіккен. Жұп ерекше саяхатының қалай басталғанын, ең қиын сәттерін және Балиға не үшін велосипедпен барғанын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
22 жастағы Максим мен 23 жастағы Алина – жас жұбайлар. Блогингпен, әлеуметтік желілерде контент жасаумен айналысады. Алина қосымша би үйретеді. Екеуі де Балиге сапарларының алдында Алматыда тұрған.
“Бұл біз жасаған алғашқы жоба, алғашқы тәжірибеміз. Идея өткен жылдың тамыз айында, бір жыл бұрын пайда болды. Негізі бізде бастапқыда велосипед болған жоқ. Велосипедтерді алған кезде физикалық дайындыққа екі апта уақыт бөлдік. Солай дайындалып, жолға шықтық. Оған дейін арнайы дайындық болмады”, – деді Максим.
“Велосипедпен Балиге дейін: Жақындарымыз бізді есінен адасқан деп ойлады”
Жұп Балиді бекер таңдамаған. Айтуларынша, Оңтүстік-Шығыс Азия — алғашқы сапар үшін ең қолжетімді бағыттардың бірі.
“Ол жақ қауіпсіздеу, визалық мәселелер оңай, қаржы жағынан да Еуропамен салыстырғанда аса қымбат емес. Бали бұған дейін барған жалғыз ел емес. Өзге мемлекеттерге де саяхаттадық. Кейін Алматыға оралған кезде, саяхатымызды дәл велосипедпен бастау туралы ой келді.
Максим мен Алина Балиге бағытта 11-12 мың шақырым жүрген. Бұл сапарда теңіз, шөл дала немесе соғыс болып жатқан жерлерде ұшақ, пойыз, паром секілді транспорттармен жүрген.
“Қытайда Гоби шөлін кесіп өту қиын болғандықтан пойызбен жүрдік. Бұл – әлемдегі ең ірі шөлдердің бірі. Кейін Вьетнамның Хошимин қаласынан Таиландтың Бангкок қаласына ұшақпен ұштық. Себебі сол кезде Камбоджа мен Таиланд арасында қақтығыс болып жатқан еді. Ал Малайзиядан Индонезияға пароммен өттік. Өйткені Индонезия аралдардан тұратын мемлекет. Ал қалған жолдың барлығын велосипедпен жүріп өттік. Шекарадан өту кезінде ешқандай қиындық болған жоқ. Керісінше, бізді барлық жерде тез өткізетін. Шекарашылардың өздеріне де біздің сапар қызық болатын. Олар бейресми түрде қайда бара жатқанымызды, қалай жүргенімізді сұрап, таңданысын білдіретін. Ешқашан ұзақ тексеріп немесе кідіртіп ұстаған емес”, – деп қосты Максим.
Жұп бұл сапарға 10 айға жуық уақыт жұмсаған. Сапардың кідіруіне бір сәтте Алина денсаулығының нашарлауы себеп болған.
“Мен жолда жиі ауырдым. Соның салдарынан бүкіл сапарымыз он айға созылды. Малайзияда қатты сырқаттанып қалдым. Бір ай бойы басым айналып, қатты жүрегім айныды. Жүре де, велосипед тебе де алмадым. Тіпті тамақ ішу де қиын болды. Бұл қандай ауру екенін де, оны қалай емдеу керегін де түсіне алмадық. Сол себепті Малайзияның Куала-Лумпур қаласында бір ай бойы қалып қойдық. Бұл біз үшін өте ауыр кезең болды”, – деді Алина.
”Таиландтағы тонау, Қытайда балшық үйде тұратын адамдар: Жұп бастан өткерген шытырман оқиға”
Максимнің айтуынша, одан бөлек физикалық тұрғыдан да оңай болмаған. Әсіресе Қытайдағы биік асулармен көтерілу өте қиынға соққан.
“Жолда әр күніміз қызыққа толы өтті. Әр ел, әр ай, әр кезең туралы жеке-жеке әңгімелеуге болады. Мысалы, Қытай біз үшін ең күрделі елдердің бірі. Біз көбіне ауылдар арқылы жүрдік. Сондықтан Қытайды қарапайым туристер көрмейтін қырынан таныдық. Балшықтан салынған үйлерде тұратын адамдарды, егістікте еңбек етіп жүрген тұрғындарды көрдік. Кейбірі тіпті аударма қосымшасының не екенін де білмейтін. Бізді көріп таңырқап, тіпті қорқып қалғандары да болды. Ал Вьетнамда жүру өте жеңіл болды. Жер бедері тегіс болғандықтан велосипед тебу оңай еді. Оның үстіне тағамдары өте дәмді әрі бағасы арзан. Таиланд бізге ерекше табиғатымен ұнады. Әдемі жағажайлар, ақ құм, пальмалар, құстардың дауысы бәрі ерекше әсер қалдырды. Көбіне кемпингтерде шатыр тігіп қонатынбыз. Мұхиттың шуын тыңдап, табиғат аясында уақыт өткізу өте жайлы болатын”, – деп қосты Максим.
Алайда сапар барысында қауіпке толы сәттер де болған. Алинаның айтуынша, олар басында далада түнеп жүрген.
“Қытай мен Вьетнамда кейде арнайы кемпингтерде емес, жол бойында, өзен жағасында немесе орман ішінде түнеуге тура келетін. Ондай жерлерде өркениет те, полиция да жоқ болғандықтан, қауіп жоғарырақ еді. Бірде бізді тонамақ болды. Бірақ ештеңе алып кеткен жоқ. Өйткені бізде алатындай бағалы заттар болған жоқ. Сөмкелерімізді ақтарып, сусабынды алып, кейін қашып кеткен. Әрине, бұл оқиғадан кейін қатты қорықтық. Содан бері тек қонақүйлерде немесе күзеті бар кемпингтерде тоқтайтын болдық. Дегенмен жолда қолдау көрсетіп, су әкеліп берген де адамдар болды. Не де болса, біз соңғы межеге дейін жетуді мақсат еттік. Сол мақсатымыздан айнымадық”, – деді ол.
“Келесі сапарға 2027 жылы шығамыз”
Жұптың айтуынша, жолға алғаш шыққанда олар тікелей эфирлер жүргізген. Сол кезде көрермендер әлеуметтік желі арқылы қолдау ретінде банк картасының деректерін жариялауды жиі сұраған. Олар әзірге әлеуметтік желіден тұрақты табыс тауып жүрген жоқ. Айтуларынша, шетелде жүргендіктен келісімшарт жасап, жарнамалық жобаларды жүзеге асыру қиынға соғып отыр.
“Қазір ең басты мақсатымыз – тұрақты табыс тауып, қаржылық жағдайымызды жақсарту. Өйткені осы уақытқа дейін, шынын айтсақ, күн көріспен өмір сүрдік. Әзірге Балиде қалуды жоспарлап отырмыз. Келесі саяхат туралы да ойлар бар. Бірақ оған дейін біраз демалып, күш жинағымыз келеді. Жаңа сапар, бәлкім, келесі жылы немесе 2027 жылы басталуы мүмкін. Қай бағытқа баратынымыз әзірге белгісіз. Бірақ біз экстремалды бағыттарды таңдағымыз келмейді. Басқа саяхатшылар секілді қауіпті елдер арқылы жүру жоспарда жоқ. Керісінше, қауіпсіз әрі тыныш елдер ұнайды. Ал әзірге бір жерде тұрақтап, қалыпты өмір сүріп, өзімізге ұнайтын әрі тұрақты табыс әкелетін іспен айналысқымыз келеді”, – деп қорытты жұп.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді