Қазақстандықтардың WhatsApp аккаунттары жаппай бұғатталуда: Meta компаниясы ақаудың себебін атады

Қазақстандықтар WhatsApp аккаунттарының күтпеген жерден бұғатталғанына жаппай шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақаудың тек Қазақстан емес әлемнің түрлі елдеріндегі мессенджер қолданушыларына әсер еткені белгілі болды. Meta компаниясы бұған автоматты қауіпсіздік жүйесінің қате іске қосылуы себеп болғанын мойындады.
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар бұл ақаудың тек жеке қарым-қатынаста ғана емес, жұмыста да айтарлықтай қиындық туғызғанын жарыса жалды. Өйткені мессенджер негізгі байланыс құралдарының бірі ретінде кеңінен қолданылады.
“Жұмыс істеп тұрған аккаунтым бұғатталды. 3 рет қайта қалпына келтірілді. Төртінші рет толықтай бұғаттап тастады, қайта қалпына келтіру мүмкіндігінсіз. Сосын жаңа нөмірмен жаңа аккаунт аштық, 3 күн өткен соң тағы да бұғаттап тастады”, – деп жазды қазақстандық желі қолданушысы.
Кейбір желі қолданушылары бұғаттаулардың бірнеше сағатқа созылып, кейін қайта ашылғанын айтады.
Meta компаниясының өкілі жағдайға қатысты пікір білдіріп, автоматты қауіпсіздік жүйесі алаяқтықпен және қызметті пайдалану ережелерін бұзудың басқа да түрлерімен күресуге арналғанын мәлімдеді. Алайда бұл жолы жүйе қате жұмыс істеп, аккаунттарды негізсіз бұғаттаған.
"Біз қызметімізді теріс мақсатта пайдалануға тырысатындарды анықтау үшін аккаунттарды тұрақты түрде бұғаттап отырамыз және пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш саламыз. Кейде қателіктерге жол беріледі. Мұндай жағдайларда адамдардың байланысын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін барынша жедел әрекет етуге тырысамыз", – делінген компания хабарламасында.
Қазір Meta компаниясы ақаудың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Компания қате бұғатталған аккаунттарды қайта ашуды бастап кеткен, соның нәтижесінде пайдаланушылардың жүйеге қолжетімділігі біртіндеп қалпына келуде.
Компания жақын арада жағдай толық тұрақтанатынын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін WhatsApp биыл қыркүйектен бастап кейбір Android құрылғыларында жұмыс істемейтіні туралы жазған едік.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді
Оқыңыз