Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бір тоннадан астам дәрі-дәрмек қоқыс полигонына жіберілмеген

Дәрі, медицина
Фото: Unsplash.com

Алматыда мерзімі өткен әрі жарамсыз 1 тоннадан астам дәрі жиналып, утилизацияланды. 38 емхана арқылы жиналған 1 171 килограмм мерзімі өткен дәрі бүгінде қоқыс полигонына жібермей, арнайы жүйемен зиянсыз түрде өртелген. Себебі кәдімгі дәрі қоқыс полигонына бұрынғыдай тастала берсе, су мен топырақ арқылы қоршаған ортаны үнсіз улай бермек. Ішіп жүрген дәрімізді арнайы түрде өртеу не үшін маңызды екенін Stan.kz ақпарат агенттігі анықтап көрді.

 

Дәрі-дәрмек қоқыс полигонына тастала берсе қандай зиян әкеледі?

Бүгінде қазақстандықтар ауырғанда ішетін дәріден бөлек биологиялық қоспаларды да белсенді түрде пайдаланады. Ал оның мерзімі өтсе немесе соңына дейін пайдаланылмаса әдеттегідей қоқысқа тастаймыз. Бірақ ECO Network экологиялық ұйымы 2025 жылы жазда мерзімі өткен дәрі-дәрмекті жинауды бастаған.

Жоба жетекшісінің сөзінше, дәрінің құрамындағы бөлшектер ауа, су, топырақ арқылы тарап, қоршаған ортаны ластайды. Бұдан өсімдіктер мен жануарлар да улануы мүмкін. Сонымен қатар адамдарда антибиотикке төзім пайда болып, дәрі әсер етпей қалатыны бар.

"Жалпы дәрінің өзі вирус, аурумен күресу үшін шығарылады. Ал қоқыс полигонында жатса су мен ауа арқылы оның бойындағы бүкіл құрамы қоршаған ортаға таралады. Алматы таулы жер әрі сайда орналасқан. Сондықтан су сырғып ағып жер асты суларына жету қаупі бар. Ал сол суды жеміс пен көкөністерді суғаруға білмей пайдалануы мүмкін. Осының бәрі резиденттік тудырады, яғни адам антибиотикке төзімді болып, оның пайдасы тимей қалады. Бұдан бөлек топырақтың зақымданып жатқаны реттелуі керек, біз өмір бойы антибиотик ішіп жүрмейміз ғой. Дәрі өзінің себебімен, аурудан айығу керек сәтте пайдаланылады. Оның үстіне дәрінің сырты көбіне пластикпен қапталады. Осының бәрін түгелдей келе осылайша топырақты улап алмаған маңызды. Оның ішінде ең тиімдісі – қыздыру арқылы утилизациялау. Дәрі өртеледі және одан шыққан газ бірнеше сүзгіден өтіп, зиянсыз түрде көміледі", – деп түйіндеді Евгений Мұхамеджанов.

“Пациенттер қызығушылық танытты, ерінбей жарамсыз дәрілерді әкеліп өткізді”

Дәріні жинап, утильдеу жобасына Алматыдағы емханалар белсене қатысқан. Медицина мекемесіне нұсқаулығы жазылған арнайы контейнер қойылып, оған кез келген пациент үйінен жарамсыз дәрісін әкеліп, өткізген. Қазақстандықтардың қайта өңдеуге қызығатынын сонда байқадық дейді дәрігерлер.

"Пациенттерді күнде көремін және олардың көбі мерзімі өтіп кеткен дәрілерді утилизациялауға болатынын білмейтінін байқаймын. Дәл біздің емханадан 70 келіге жуық медициналық қалдықтар жиналып, өткізілді. Осы уақыт аралығында пациенттер бұл мәселеге қызығатынын, алаңдайтынын байқадық. Дәрігерлер мен медбикелер қызыққан пациенттерге жол көрсетіп, ақпарат айтып, түсінік қалыптасуы үшін үнемі белсенді болды. Осындай жоба бар екеніне қуаныштымыз және алда да дәл осы бірлескен жүмысты жалғастыра береміз. Мұның бәрі халықтың денсаулығы үшін жасалып жатқан нәрсе, себебі ауа таза болса ден де сау болады", – дейді №4 поликлиника өкілі, медбике Айгүл Оспанова.

Көп емханада дәрігерлер мен тіркеу бөлімінің қызметкерлері емделушілерге мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді дұрыс кәдеге жаратуға көмектескен. Жинау жағынан ең жоғары көрсеткішті №1, №23 және №4 қалалық емханалар көрсетті. Бұл мекемелердің әрқайсысында жиналған препараттардың көлемі 70 келіден асыпты.

Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының өкілі Георгий Соустиннің айтуынша, әңгіме кәдімгі дәрі мен оның контейнері туралы. Ал өзге медициналық құрылғылар бұл санатқа жатпайды. Оның байқауынша, бүгінде биологиялық белсенді қоспаларды сатып алып, тауысып ішпейтіндер жетеді.

"Біз мерзімі біткен немесе адам ішіп тауыспаған тұтынылатын дәрінің бәрін қабылдаймыз. Мысалы, дәрігер дәрі жазып берді, қажетін іштіңіз, қалғаны артылып қалды делік. Осы артылып қалғаны пайдаға аспай ақыры мерзімі өтті. Жалпы адамға қажетсіз қатты, сұйық дәрілерді қорабымен, жақпа майларды қабылдаймыз. Шприц және басқа да бір рет пайдаланатын құралдар біздің санатқа жатпайды. Емханаларға орналастырған контейнердің сыртында нені өткізуге болатыны жазылған. Біздің жоба елдегі емханалардан шығатын жалпы қалдықтарға қатысты емес, біз тек халықтан жарамсыз дәрілерді жинап, утилизациялаймыз", – деп түсіндірді Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының өкілі.

Өртеуден өзге тәсілі жоқ па?

Алматы тұрғындарынан жиналған дәрілерді бүгінде қалдықтарды жоятын Аклер групп ЖШС зиянсыз түрде өртеу арқылы утилизациялап жатыр. Компания басшысы Малика Мұқанованың сөзінше, бүгінде бұл тәсіл ең қауіпсіз әрі тиімдісі.

"Дәрілерді утилизациялауға келгенде оның ең зиянсыз түрі – өртеу. Өртеудің де бірнеше тәсілі бар. Мысалы, Қостанай қаласында біз медициналық қалдықтар жүктелетін пешті қолданамыз. Онда олар екі сағат бойы жылы буда өңделеді және зиянсыз А класына жататын қалдық түріне ауысады. Сонда бұл қалдықты қоқыс полигонына апаруға болады. Ал Алматыда қолданылатын өртеу тәсілі ең зиянсызы болып саналады. Мұнда да қалдық бірнеше камерадан өтеді. Әр тоқсан сайын біз арнайы лицензиясы бар ұйымдар арқылы өлшеп, қараймыз. Осылайша бәрі өз нормасымен жүзеге асырылып жатқаны тексеріледі. Қоршаған ортаға тигізетін қалыпты зияны үшін біз тиісті салықтарды да төлейміз", – дейді Малика Мұқанова.

Жоба жетекшісі Евгений Мұхамеджанов та дәріні неліктен өртеу арқылы утилизациялайтынын түсіндіре кетті.

"Неліктен өртейміз деген сұраққа мен де біраз бас қатырдым. Себебі дәріні өртемесе ол бәрібір топыраққа, сол арқылы суға және ауаға түседі. Екіншіден бұл жүйеде бірден утилизациялай салмайды, әуелі бірнеше кезеңнен өткізеді. Себебі дұрыс өңделіп, өзгертілген соң ғана утилизациялау зиянсыз болады, ауаға тарайтын қалдықтардың зияны қалмайды", – дейді ол.

Алматының бұл тәжірибесі осындай бастамаға деген сұраныс жоғары екенін дәлелдеп отыр. Келесі кезеңде жоба бір ғана компанияның бастамасы аясынан шығып, салалық деңгейге өтпек.

Stan.kz
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 00:48