Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал блогер Гусейн Гасанов төрт жылға сотталды

Гусейн Гасанов
Фото: instagram.com/gusein.gasanov

Танымал ресейлік блогер Гусейн Гасанов сырттай төрт жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәскеудің Пресненский аудандық соты блогер Гусейн Гасановты қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру ісі бойынша сырттай кінәлі деп таныды. Сот блогерге төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған 1 миллион рубль көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ сот оған екі жыл мерзімге электрондық және ақпараттық-телекоммуникациялық желілердегі сайттарды басқаруға қатысты қызметпен айналысуға тыйым салды.

Гусейн Гасановқа іздеу жарияланғандықтан, сот процесі оның қатысуынсыз өтті. Сондай-ақ оған қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Ресей прокуратурасының мәліметінше, Гусейн Гасанов 2019–2021 жылдары жеке кәсіпкер ретінде 170 миллион рубльден астам (шамамен 1 миллиард теңге) салық төлеуден жалтарған.

Тергеу мен сот кейіннен оның осы қаражаттың бір бөлігін заңдастырған деген қорытындыға келді. Сот заңсыз жолмен алынған мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы да шешім шығарды.

Айта кетейік, Гусейн Гасанов – танымал ресейлік блогер және кәсіпкер. Ол YouTube пен Instagram желілеріндегі ойын-сауық бағытындағы видеолары арқылы танылған. Әлеуметтік желілерде миллиондаған оқырманы бар Гасанов соңғы жылдары салық төлеуден жалтару және қаржы заңдастыруға қатысты қылмыстық іс аясында құқық қорғау органдарының назарына іліккен.

Еске салсақ, 2025 жылдың мамырында блогер Гусейн Гасановқа халықаралық іздеу жарияланғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 18:55