"Оларды түрмеге қамау керек": Сауда министрі шетелден көлік әкелетін "сұр" дилерлерге қатысты пікір білдірді

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ішкі нарықты автокөліктердің заңсыз әкелінуінен қорғауға бағытталған жоспарларды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр жаңа қатаңдату шараларын отандық автокөлік өндірісін қолдаумен байланыстыруға болмайтынын мәлімдеді.
"Мен мұны отандық автокөлік өндірісін қолдаумен байланыстырмас едім. Біздің автокөлік өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Елімізде мультибрендті зауыттар жұмыс істеп тұр, ал модельдердің алуан түрлілігінің арқасында жаңа автокөліктердің бағасы бәсекеге қабілетті. Оның үстіне, қазір отандық көліктерді экспортқа шығаруға бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Белсенді түрде келіссөздер жүргізудеміз және келіссөз жүріп жатқан елдер тарапынан өнім сапасына қатысты ешқандай сұрақ жоқ. Бұл шектеулер тек біздің көліктерді сатып алуға жағдай жасау үшін қолға алынып отырған жоқ. Мүлде олай емес", – дейді Арман Шаққалиев.
ОқыңызМинистрдің айтуынша, "сұр" импортпен күресудің жалғыз мақсаты – елдегі жолдардың қауіпсіздігін арттыру.
"Жол-көлік оқиғаларының статистикасы көрсеткендей, апатқа көбінесе ұзақ уақыт пайдаланылған, сол жақ рөлден оң жақ рөлге қайта жабдықталған көліктер түседі. Сондықтан Үкіметтің басты міндеті – осы салада тәртіп орнатып, жол қауіпсіздігін арттыру және жолдарда техникалық талаптарға сай келмейтін ескі көліктердің жүруіне жол бермеу", – дейді Шаққалиев.
Оның айтуынша, "сұр" дилерлердің автокөліктерді сатуға мүлде құқығы жоқ.
"Көп жағдайда олар көліктерді VIN-коды өзгертілген күйде сатады. Мұндай көліктер бұрын ауыр жол апатына түскен болуы мүмкін. Кейбір елдерде оларды жөндеп, сырт көзге жаңа көліктей етіп шығарады. Ал енді біреулер дәл осындай "сұр" схемаларды пайдаланып, бағасын төмендетіп, қауіпсіздікке ешқандай кепілдік бермейтіндердің мүддесін қорғауға тырысады. Жоқ, бұған жол берілмейді. Мұндай дилерлердің жолын кесіп, түрмеге қамау керек. Оларды анықтап, заңсыз қызметін тоқтату қажет. Тек осындай тәсіл ғана дұрыс", – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.
Еске салсақ, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға заңсыз, яғни көлеңкелі жолмен әкелінетін автокөліктердің импортын тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған еді.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді
Алина: "Таиландта бізді тонауға тырысты, Қытайда балшық үйде тұратын адамдармен кезіктік"
100 жылқыны ұрлады деп жала жабылған ақтөбелік қария жалғыз үйінен айырылуы мүмкін
“100 жылқым жоғалды” деген қожайыны 60 жастағы азаматты екі бірдей сотқа сүйреп, мойнына 10 миллион теңге қарыз ілген