Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан өз автокөлік брендін шығармақ: Министрлік жобаның қай деңгейде екенін түсіндірді

қазақстан өз көлік брендін шығарады
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда отандық автокөлік брендін шығару мәселесі талқыланып жатыр. Үкімет отандық автокөлік өндірісін іске қосу бойынша келіссөздердің жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, келіссөздер шынымен жүріп жатыр. Алайда жоба әлі пысықталу кезеңінде. Сондықтан болашақ брендтің атауы, өндіріс орны мен инвестиция көлемі әзірге анықталмаған.

"Proton компаниясының базасында шығару бойынша нақты ақпарат жоқ. Меніңше, бұл жоба әлі пысықталып жатыр. Иә, келіссөздер жүріп жатқанын білеміз. Бірақ дәл қазір Proton-ға қатысты нақты шешім жоқ", – деп түсіндірді министр.

Оның сөзінше, қазақстандық жеке автокөлік брендін құру – елдің автокөлік өнеркәсібінің басты мақсаттарының бірі. Дегенмен өз автокөлік өндірісін дамытып жатқан мемлекеттердің бәрінде бірдей ұлттық бренд бола бермейтінін атап өтті.

Министрдің айтуынша, компаниялар әлеуетті серіктестермен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл бағытта қолдау көрсетуге дайын.

"Қай марканы негізге алатынымызды әзірге айта алмаймыз. Компаниялар арасында ауқымды әрі тұрақты келіссөздер жүріп жатыр. Жақын арада нақты нәтиже болады деп сенеміз", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар министр Қазақстанның алғашқы жеке бренді тек жеңіл автокөлікте емес, автобус өндірісінде де пайда болуы мүмкін екенін айтты.

"Бүгінгі Үкімет отырысында биыл қазақстандық инженерлер әзірлеген Astana атты жеке бренд шығатыны айтылды. Бұл Алматыдағы зауытта өндірілетін отандық автобус бренді болады. Яғни автобустар бойынша алғашқы нәтиже бар", – деп қосты министр.

Бұған дейін "Бәйтерек" холдингі де қазақстандық брендпен жеңіл автокөлік шығару мүмкіндігін мәлімдеген еді. Ақпан айында холдинг басқармасының төрағасы Рустам Қарағойшин жобаны жүзеге асыру үшін малайзиялық Proton компаниясымен меморандумға қол қойылғанын хабарлаған. Оның айтуынша, тараптар бірлескен кәсіпорын құруды, автокомпоненттер өндірісін жергіліктендіруді, сондай-ақ болашақ көліктің бренді мен атауын талқылаған. Алайда ол кезде де түпкілікті шешім қабылданбаған.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 15:14