Қазақстанда 2028 жылға дейін пилотсыз жүк тартқыштар мен әлемдік брендтердің көліктері өндіріледі

Қазақстанда алдағы үш жылда жасанды интеллектпен басқарылатын өндіріс іске қосылып, пилотсыз жүк тартқыштар мен әлемдік брендтердің жаңа көліктері шығарыла бастайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, Қазақстанда шығарылатын көліктер желісі кеңейтіліп, автозауыттарда жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізіле бастайды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл өндірістерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды. Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, тәуекелдерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді", – деп атап өтті министр.
Қазір елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Министр инвестиция көлемі 346 миллиард теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты екі ірі зауыт ашылғанын алға тартты.
Оқыңыз"Саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде", — деп қосты ол.