Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүргізушісіз таксилер қашан іске қосылады

жүргізушісіз такси (1)
Фото: ЖИ

Қазақстанда 2026 жылдың екінші жартысында жүргізушісіз такси пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанның цифрлық даму министрлігі серіктес компаниялармен бірлесіп "реттеушілік құмсалғыш" аясында автономды көліктерді іске қосуға арналған инфрақұрылымды дайындап жатыр.

Бұл технологияны бақылап тұрып сынақтан өткізуге және соның негізінде заңнамалық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Серіктестер қазірдің өзінде көлікжайлар дайындап, автопаркті әкеліп орнатып, бағдарламаны Қазақстанның жол жүру ережелеріне және жергілікті жол жағдайларына бейімдеп жатыр. Қозғалыс оператордың бақылауында болады.

Жоба тек инфрақұрылымның дайын екені расталып, сынақтар оң нәтиже бергеннен кейін ғана іске қосылады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қауіпсіздіктің өте маңызды екенін атап өтті.

 Бұл ретте Қазақстан әлемдік тәжірибелерге сүйенеді: Tesla және Waymo (АҚШ-та), сондай-ақ Baidu мен Pony.ai (Қытайда) жобаларында коммерциялық іске қосуға дейін ұзақ жылдар бойы сынақтар жүргізіліп, реттеу жүйелері бейімделген.

Бұған дейін елімізде жүргізушісіз көліктер мен дрон арқылы жеткізу қызметі қашан пайда болатыны туралы жазған едік. Министр Жаслан Мәдиевтің сөзінше, елімізде пилотсыз технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр.

“Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен жүргізушісіз көліктердің пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба 2026 жылдың екінші тоқсанында жүзеге асырылады”, – деді Мәдиев.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 27 Мамыр, 2026 10:17