Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық күтпеген жерден басқа адамның eGov аккаунтына кіріп кеткен: Тексеріс басталды

eGov  қате аккаунт
Фото: Желі кадрларынан

Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушысы eGov порталына өз аккаунтына кірмек болғанда, бейтаныс адамның жеке кабинетіне кіріп кеткенін айтып, шағымданды. Бұл жағдай желіде қызу талқыланып, eGov өкілдері оқиғаға қатысты тексеру басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі қолданушысы оқиғаның видеосын салды. Айтуынша, мүлде басқа адамның дерегі шыққан. 

“Қысқасы, QR-код арқылы өз eGov аккаунтыма кірдім. Бірақ жүйе маған Асқар деген бөтен адамның аккаунтын ашып берді. Яғни өз eGov-ыма кірсем де, мүлде басқа адамның жеке кабинеті шығып тұр. Бұл қалай? Қауіпсіздіктегі мұндай үлкен олқылық қайдан пайда болды?

Қызметтер тарихына кіріп, SIM-картамды қашан қайта шығарғанымды және өтінімнің мәртебесін тексергім келді. Бірақ онда медициналық ұйымға тіркелу, қандай да бір ақылы қызмет, өздігінен жүретін техниканы тіркеу, тіпті банк несиелерін алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтініш көрсетіліп тұр. Мен мұндай қызметтердің ешқайсысын алған емеспін. Сөйтсем, бөтен адамның аккаунтына кіріп кеткен екенмін. Мұндай жағдай қалай болуы мүмкін?”, – деп сұрады ол.

Желі қолданушылары мұның мәселе екенін айтып, қызу талқылады. 

"Жеке деректеріміздің қаншалықты қорғалатынын осыдан-ақ көруге болады", "Браузердің кэші тазартылмаған сияқты. Бұған дейін компьютерді басқа адам пайдаланған болуы мүмкін. Браузер логиндер мен құпиясөздерді сақтап қалғандықтан, ескі кэш арқылы аккаунтқа кіріп кеткен. Бірақ бәрібір қызметтердің көбін SMS арқылы растау керек болады", "Мен кейде өз аккаунтыма да кіре алмаймын, SMS келмей қалады. Ал мұнда бөтен адамның аккаунты қалай ашылып кеткен", – деп жазды жұртшылық.

Бұдан соң eGov.kz қызметі оқиғаға байланысты пікір білдірді. 

“Сәлеметсіз бе! eGov.kz қызметі байланыста. Біз сізге жеке хабарлама арқылы хабарласып, ақпаратты тексеру үшін мамандарға жолдадық. Тексеру нәтижесі бойынша міндетті түрде кері байланыс береміз”, – деді олар. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 17:24