Қазақстанда журналист дербес деректерді жариялағаны үшін сотталды

Алматының Алмалы аудандық сотында журналист Александра Алёховаға қатысты іс бойынша үкім жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот жабық режимде өтті.
Айта кетейік, журналиске оған қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі ("Бұқаралық ақпарат құралдарында адамның жеке құпиясына жататын дербес деректерді заңсыз тарату салдарынан оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру") бойынша айып тағылған.
Сот журналисті аталмыш бап бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда үкімнің орындалуы бес жылға, яғни 2031 жылға дейін кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ Александраға үш жыл мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, журналист полицияның арнайы есебінде жыныстық қызмет көрсететін тұлға ретінде тіркелген жәбірленуші туралы мәліметтерді жариялаған.
"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының мәліметінше, Александра Алёхова бұл ақпаратты бұған дейін танымал Telegram-арнада жарияланған деректерге сүйеніп таратқан. Жәбірленуші сол жарияланым бойынша полицияға арыз түсіргенімен, Telegram-арнадағы жазбаға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.
ОқыңызҚордың пікірінше, бұл жағдайда құқық қорғау органдары жәбірленушінің жеке құпиясына қатысты мәліметтердің алғашқы жариялануын заңды деп танып, ал сол ақпараттың кейін қайта жариялануын қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағалаған.
"Әділ сөз" қоры жария түрде таралған мәліметтер құпия мәртебесінен айырылатынын атап өтті. Сондықтан қордың пайымынша, көпшілікке қолжетімді болып кеткен ақпаратты кейіннен тарату жеке құпияны жария ету ретінде қарастырылмауы тиіс.
Қор сондай-ақ дәл осы мәліметтерді таратқаны үшін бұған дейін журналист Олег Гусевтің де қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын еске салды. Оның ісі ашық сот отырысында қаралғандықтан, тиісті мәліметтер ашық қолжетімді сот актілерінде жарияланған. Соған қарамастан, бұл деректердің жариялануына байланысты судьялар немесе сот қызметкерлері жауапкершілікке тартылмаған, өйткені сот қарауы кезінде аталған мәліметтер құпия сипатынан айырылған деп есептелген.
"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры журналистерді қылмыстық жауапкершілікке тарту тек жеткілікті құқықтық негіздер болған жағдайда және заңдылық, құқықтық айқындық пен заң алдындағы теңдік қағидаттары сақталған кезде ғана жүзеге асырылуы тиіс деп есептейді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда “ҚазТАГ” басылымының бас директоры мен бас редакторына қатысты сот үкімі шыққаны туралы жазған едік.
100 жылқыны ұрлады деп жала жабылған ақтөбелік қария жалғыз үйінен айырылуы мүмкін