Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың басым бөлігі алатын жалақы мөлшері 116 мың теңгеге жетті

ақша бағдарлама
Фото: Stan.kz

Қазақстанда 2025 жылы жұмысшылар арасында ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 116,1 мың теңге болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 97,6 мың теңге еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, модальды жалақы – жұмысшылардың айлық табысы арасында ең жиі кездесетін көрсеткіш. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – елдегі ең көп таралған айлық табыс мөлшері. Демек барлық жұмысшының орташа табысы емес, есептеулерде ең жиі кездесетін сома.

2025 жылы модальды жалақы 19%-ға өскен. Айта кетейік, соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 19%-ға артып келеді.

2025 жылы орташа атаулы жалақы модальды жалақыдан 3,8 есе жоғары болды. Бір жыл бұрын бұл айырмашылық 4,2 есе болған.

жалақы
Фото: ranking.kz

Өңірлер бойынша көрсеткіштер айтарлықтай ерекшеленеді. Модальды жалақының ең жоғары мөлшері Шығыс Қазақстан облысында тіркеліп, 256,9 мың теңге болды. Үздік үштікке Астана (252,7 мың теңге) және Алматы (247,4 мың теңге) кірді.

Жалпы, еліміздің 20 өңірінің тек алтауында модальды жалақы 200 мың теңгеден жоғары болған. Ал 11 өңірде бұл көрсеткіш 120 мың теңгеден төмен.

Модальды жалақы ең төмен өңірлер – Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары. Бұл өңірлерде ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 112-113 мың теңге аралығында болды.

жалақы
Фото: ranking.kz

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең жоғары көрсеткіш тау-кен өндіру саласында тіркелді – 418,3 мың теңге.

Көлік және қойма саласында жұмысшылардың ең жиі алатын табысы 396,9 мың теңге болса, коммуналдық қызмет көрсету саласында, яғни электр энергиясы, газ, бу, ыстық су және ауаны баптаумен қамтамасыз ету секторында бұл көрсеткіш 377,2 мың теңге.

Одан кейін құрылыс және қаржы салалары тұр. Мұнда ең жиі кездесетін айлық табыс тиісінше 347,7 мың және 340,1 мың теңге болған.

Ең төмен көрсеткіш білім беру саласында тіркелді. Мұнда ең көп таралған айлық табыс 114,6 мың теңге болды. Бұл тау-кен өндірісі саласындағы көрсеткіштен 3,5 еседен астам төмен.

жалақы
Фото: ranking.kz

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қай мамандықтарға жоғары жалақы ұсынылатыны жарияланған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 15:39