Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі банктер бір топ-менеджерге жылына 770 миллион теңгеге дейін сыйақы төлеген

топ-менеджерлер
Фото: ChatGPT

Қазақстан банктерінің топ-менеджерлеріне төленетін сыйақы көлемі жарияланды. 2025 жылдың қорытындысында кей қаржы ұйымдары атқарушы орган мүшелеріне бірнеше миллиард теңге төлеген. Ал бір басшыға шаққандағы орташа сыйақы кей банкте 770 миллион теңгеге дейін жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz деректеріне сүйеніп хабарлайды.

Finprom.kz Қазақстан қор биржасы  мен Қаржылық есептілік депозитарийінің деректерін талдаған. Мәліметтер банктердің атқарушы орган мүшелеріне, яғни топ-менеджерлеріне бір жыл ішінде төленген жалпы сыйақыны көрсеткен.

Қай банк басшыларына ең көп ақша төледі?

2025 жылы атқарушы орган мүшелеріне жұмсалған жалпы сыйақы көлемі бойынша Halyk Bank көш бастап тұр. Банк он топ-менеджеріне жалпы 4 миллиард 465,4 миллион теңге төлеген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4 миллиард 56,6 миллион теңге болған.

Екінші орында Bank RBK тұр. Банктің атқарушы органында екі адам бар, оларға 2025 жылы жалпы 3 миллиард 850,4 миллион теңге сыйақы төленген. Бір жыл бұрын бұл сома 3 миллиард 298,6 миллион теңге еді.

Одан кейінгі орындарда:

•    ForteBank – 1 миллиард 856,7 миллион теңге;
•    Еуразиялық банк – 1 миллиард 689 миллион теңге;
•    Home Credit Bank – 1 миллиард 318 миллион теңге;
•    Altyn Bank – 1 миллиард 276,4 миллион теңге.

Осылайша, 2025 жылы алты банктің топ-менеджерлеріне төлеген жалпы сыйақысы 1 миллиард теңгеден асқан.

Бір топ-менеджерге орта есеппен 770 миллион теңге

Алайда банктердің атқарушы органдарындағы адам саны әртүрлі болғандықтан, жалпы төлем көлемі басшылардың әрқайсысы қанша алғанын тікелей көрсетпейді. Мәселен, Halyk Bank-тің атқарушы органында 10 адам болса, Bank RBK-де екі адам бар.

Бір топ-менеджерге шаққандағы орташа сыйақы бойынша Bank RBK бірінші орында. Мұнда орташа көрсеткіш бір адамға 770,1 миллион теңге болған.
Halyk Bank-те бір басшыға шаққандағы орташа сыйақы – 446,5 миллион теңге, Home Credit Bank-те – 329,5 миллион теңге. Еуразиялық банкте бұл көрсеткіш 241,3 миллион теңге, CenterCredit банкінде 243,1 миллион теңге, Altyn Bank-те 212,7 миллион теңге болды.

Қалған банктер қанша төледі?

Бір миллиард теңгеден аз, бірақ бірнеше жүз миллион теңгеден асатын сыйақы төлеген банктер де бар.

2025 жылғы мәлімет бойынша:
•    Bank CenterCredit – 972,3 миллион теңге, 4 топ-менеджер;
•    Bereke Bank – 923,4 миллион теңге, 6 топ-менеджер;
•    KMF – 833,2 миллион теңге, 4 топ-менеджер;
•    Alatau City Bank – 744,3 миллион теңге, 6 топ-менеджер;
•    Citibank – 492,8 миллион теңге, 4 топ-менеджер;
•    ADCB – 460,8 миллион теңге, 4 топ-менеджер;
•    Отбасы банк – 437,7 миллион теңге, 9 топ-менеджер;
•    Shinhan Bank Kazakhstan – 436,7 миллион теңге, 6 топ-менеджер;
•    VTB – 386,8 миллион теңге, 4 топ-менеджер;
•    Freedom Bank – 358,2 миллион теңге, 4 топ-менеджер;
•    Kaspi.kz – 255,1 миллион теңге, 4 топ-менеджер;
•    KZI Bank – 222,6 миллион теңге, 7 топ-менеджер;
•    Nurbank – 210,2 миллион теңге, 3 топ-менеджер;
•    ICBC – 108,2 миллион теңге, 5 топ-менеджер;
•    Bank of China – 100,3 миллион теңге, 4 топ-менеджер.

Осы тізімдегі бір топ-менеджерге шаққандағы ең төмен орташа көрсеткіш ICBC-де тіркелген – 21,6 миллион теңге. Bank of China-да – 25,1 миллион, KZI Bank-те – 31,8 миллион, Отбасы банкте – 48,6 миллион теңге.

Қай банктерде сыйақы азайды?

Кестедегі деректерге қарағанда, банктердің басым бөлігінде топ-менеджментке төленген жалпы сыйақы 2024 жылмен салыстырғанда өскен. Алайда бірнеше банкте керісінше төмендеген.

Ең айқын төмендеу ForteBank-те байқалады. 2024 жылы банк атқарушы орган мүшелеріне 3 миллиард 974,2 миллион теңге төлесе, 2025 жылы бұл сома 1 миллиард 856,7 миллион теңгеге дейін түскен.

Altyn Bank-те сыйақы 1 миллиард 321,5 миллион теңгеден 1 миллиард 276,4 миллион теңгеге, KMF-те 1 миллиард 1,8 миллион теңгеден 833,2 миллион теңгеге азайған. Nurbank-те көрсеткіш іс жүзінде өзгермеген: 210,4 миллион теңгеден 210,2 миллион теңгеге түскен.

Ал кей банктерде керісінше айтарлықтай өсім бар. Мәселен, Home Credit Bank-те жалпы сыйақы 2024 жылғы 293,3 миллион теңгеден 2025 жылы 1 миллиард 318 миллион теңгеге дейін артқан. Bereke Bank-те 424,2 миллионнан 923,4 миллион теңгеге, CenterCredit банкінде 572,1 миллионнан 972,3 миллион теңгеге өскен.

Қазір Қазақстанның банк секторында 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның 10-ы – шетелдік банктердің еншілес ұйымдары. Ел бойынша 283 банк филиалы және шетелдік банктердің 19 өкілдігі бар. Қазақстандық банктердің шетелде үш өкілдігі жұмыс істейді.
 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 17:20