Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық балуан қатысқан жарыс жаппай төбелеске ұласты

Төбелес
Фото: Видеодан скриншот

Польшаның Краков қаласында өткен ADCC турнирінде қазақстандық балуан Бекзат Қапашов пен америкалық спортшылар жаппай төбелесіп қалды. Оқиғаға грэпплингтен әлемнің бес дүркін чемпионы, америкалық Гордон Райан да араласып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан атынан жарысқа жалғыз қатысқан Бекзат Қапашов америкалық Дориан Оливарезбен белдескен. Спортшының айтуынша, айқас кезінде екі тарап та эмоцияға беріліп, ереже бұзылған сәттер болған.

“Мен рейтингте бірінші тұрған мықты америкалық спортшымен күрестім. Белдесу кезінде эмоция жиналып қалды. Ол дөрекі күресіп, аузымды қайта-қайта жабуға тырысты. Мен де сол кезде аздап тістеп алдым. Кейін жерде жатқанымда ол мені ұрып жіберді”, – дейді Қапашов.

Оқиға мұнымен аяқталмаған. Кейін екі спортшыға қайта белдесуге мүмкіндік берілген.

“Орнымыздан тұрған соң мен де оған баспен соққы бердім, жауап қайтарғым келді. Кейін бізді ажыратты, оған дисквалификация берілді. Бірақ артынан оны қайта әкеліп, тағы күрестік. Екінші белдесуде ол менен мықтырақ болып, жеңіске жетті”, – деді қазақстандық балуан.

Балуандардан кейін командалар да жанжалдасты

Қапашовтың айтуынша, жағдай жекпе-жек аяқталғаннан кейін де басылмаған. Америкалық спортшының секунданты болған әкесі қазақстандық тарапқа әдепсіз ишара көрсетіп, балағат сөз айтқан.

“Ол мені жеңгеннен кейін әкесі маған қарай әдепсіз ишара жасап, балағаттай бастады. Сонда менің ағаларым мен командамыз оларға қаттырақ жауап берді. Сөйтіп төбелес басталып кетті”, – деді Қапашов.

Дәл осы кезде Гордон Райан да жанжалға араласқан. Бекзаттың сөзінше, ол сол сәтте басқа спортшының секунданты болған.

“Гордон Райан басқа белдесуде секундант болып отырған еді. Бірақ өзі де келіп, біздің арамызға кірді. Содан осындай жағдай болды”, – деді қазақстандық спортшы.

“Қазақстандық жігіттерге рақмет”

Гордон Райан да кейін болған жағдайды әлеуметтік желіде баяндады. Оның айтуынша, ол төбелеске өзі араласып, алғашқы соққыны жасаған.

“Мен араласып, бірінші жігітті ұрдым. Мені көрген бойда бірнеше адам “Гордон, Гордон!” деп айқайлай бастады. Сосын бәрі маған қарай бұрылып, жабылды. Екеуі аяғымнан ұстап, құлатты. Артынша бес-алты адам басымнан ұра бастады”, – деді Райан.

Әлем чемпионы оқиғаны әзілмен аяқтап, қазақстандықтарға да үн қатқан.

“Қазақстандық жігіттерге жекпе-жек үшін рақмет. Көңілді болды. Естеріңізде болсын, мен әр кештің ең үздік жауынгерімін”, – деді ол.

Райан сондай-ақ қазақстандықтардың арасынан өзімен жеке-жеке күш сынасқысы келетін адам болса, дайын екенін мәлімдеген.

Екі тарап та бір жылға шеттетілді

Бекзат Қапашовтың айтуынша, турнир ұйымдастырушылары жанжалдан кейін екі тарапқа да жаза қолданған.

“Екі жақты да бір жылға дисквалификациялады. Басқа санкция болған жоқ”, – деді спортшы.

Қазақстанның Грэпплинг қауымдастығы бұл турнирдің олардың ресми жарыс күнтізбесіне кірмейтінін мәлімдеді. Қауымдастық ADCC ұйымына қатысы жоқ екенін және қазақстандық спортшыларды Краковтағы турнирге ұлттық құрама атынан жібермегенін атап өтті.

Бекзат Қапашов та бұл жарысқа мемлекеттік қолдаумен бармағанын айтты. Оның сөзінше, грэпплингтің бұл бағыты негізінен коммерциялық сипатта өтеді. Биылғы ADCC турнирінде ол Қазақстаннан қатысқан жалғыз спортшы болған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 16:35