Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада құрылыс алаңын қоршаған қаңылтыр баланың үстіне құлап кетті

Көлік пен адамдар
Фото: Видеодан скриншот

Астананың Нұра ауданында құрылыс алаңы маңында қыз баланың үстіне пішінді қаңылтыр құлап, ол жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы жергілікті тұрғындардың бірі Threads желісінде жазған.

Оның айтуынша, маңайдағы тұрғындар бұған дейін де құрылыс аумағының жағдайына байланысты әкімдікке бірнеше рет шағымданған. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан айнала лайсаң, кей жерлер қазылып қалған. Соның салдарынан тұрғындар аялдамаға жету үшін қоршаудың бойымен, көлік жүретін жолдың жиегімен жүруге мәжбүр.

Жедел жәрдем бригадасы жарақат алған кәмелетке толмаған баланы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізген. Ақпаратқа сәйкес, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

“Тексеруден кейін қажетті медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ. Бала дәрігерлердің кеңесімен амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді”, – деп хабарлады Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Оқиғаға Астана қаласының полиция департаменті де түсініктеме берді.

“Құрылыс нысаны аумағын талапқа сай ұстамағаны үшін құрылыс салушының жауапты өкілі –  учаске басшысы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, –  деп хабарлады полиция.

Полиция мәліметінше, құрылыс аумағын талапқа сай ұстамағаны үшін құрылыс салушы компанияның өкілі – учаске басшысы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұл бап бойынша 30-дан 100 АЕК-ке дейін, яғни 129 750 теңгеден 432 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Құқық қорғау органдары құрылыс компаниялары мен жауапты тұлғаларға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, құрылыс нысандарының маңындағы аумақты тиісті деңгейде ұстау қажеттігін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Астанада екі мұнаралы кран құлап, салдарынан екі адам қаза тапқаны хабарланған еді. Тағы екі адам ауыр жарақат алды. Осы оқиғалардан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елордадағы құрылыс нысандарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеруді күшейтпек

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 15:17