"Шөптің арасына көміп кеткен": Күйеуінен таяқ жеген әйелді құтқарып, қаза болған полицейдің жары оқиғаны айтып берді
Қызылорда облысында осыдан екі апта бұрын учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакенов қаза тапты. Марқұмның әйелі Лаураның айтуынша, күйеуі айуандықпен өлтіріліп, денесі күдіктінің үйінде жасырылған күйде табылған. Оның сөзінше, жолдасы 31 тамызға қараған түні отбасылық жанжалға байланысты көмек сұраған әйелдің шақыртуына қызметтік міндетін атқару үшін кеткен. Ал туыстары марқұмның сол түні еңбек демалысында емес, қызметте болғанын ресми түрде анықтауды сұрайды. Олар қылмыстың барлық мән-жайы ашылып, істің әділ тергелуін және Мырзажанның абыройына нұқсан келтірмеуді талап етеді. Stan.kz марқұмның жарымен және туыстарымен байланысып, оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
31 тамызда Қызылорда облысының Арал қаласында 38 жастағы учаскелік полиция инспекторы, майор Жакенов Мырзажан Іскендірұлы қаза тапты. Оның денесі күдіктінің үйінен зорлық белгілерімен табылған. Полиция мәліметінше, марқұм бұған дейін күдіктіні отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартып, оған қорғау нұсқамаларын шығарған.
“Әлі бұйрыққа қол қоймай жатыр” деп айтты"
Қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакеновтің әйелі Лаура жолдасының өмірінің соңғы күнінде не болғанын егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, Мырзажан 30 тамыз күні кешке дейін үйде болған. Сол күні отбасы үшін ерекше күн – ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 17 жыл толған еді.

Лаураның айтуынша, Мырзажан сол күні үй шаруасына көмектесіп, інісімен бірге ауланы тазалап, есік алдына бетон төсеген. Жұмыстар кешкі сағат жетілер шамасында аяқталған. Алайда сол күні оның жұмысына қатысты мәселе де болған. Жолдасы бастапқыда 25 тамызда еңбек демалысына шығуды жоспарлаған. Алайда басшылықтың демалысқа 28 тамыздан шығатынын айтқанына байланысты, ол өтінішіндегі күнді өзгертіп, 28 тамыздан еңбек демалысына шығу туралы қайта өтініш жазған. Соған қарамастан, тиісті бұйрығы шықпай, кешеуілдетілген. Лаураның айтуынша, 30 тамыз күні Мырзажан телефон арқылы осы мәселені біреумен талқылаған.
"Негізі ол 28 тамызда жұмыста толық күн болып, сол күні еңбек демалысына өтінішін жазып қалдырған. Мен де “енді қашан шығасың?” деп сұрадым. “Әлі бұйрыққа қол қоймай жатыр” деп айтты. Содан сағат сегіздерде кешкі асымызды іштік. Сол күні шаңырақ көтерген күнімізді атап өтіп жатқан едік”, – деді Лаура.
Кейін кешкі сағат тоғыздар шамасында Мырзажан мен әйелі өз көліктерімен жолдас баласының үйіне кеткен. Жолдасының көлікке отырар алдында біреумен телефон арқылы сөйлескенін Лаура да естіген. Лаураның айтуынша, күйеуіне телефон арқылы оған ертең күндізгі нарядқа шығуы керек екені ескертіліп, мәселені басшылықпен өзі барып сөйлесу қажеттілігі айтылған. Мырзажан әлі еңбек демалысына шығу туралы бұйрығы шықпағанын нақтылап, жағдайды анықтау үшін 104 нөміріне хабарласуды ойлаған.
"Сөйтіп телефонын қойды. Кім деп сұрағанымда “кадр ғой” деді. Содан жолдас баласының үйіне бардық, шай ішіп, әңгімелесіп отырдық. “Қой қайтайық, ертең күндізгі нарядқа жазыпты” деді. Күйеуімнің сөзін жолдас баласы да естіді. Сағат түнгі 01:30-да қайтып келе жаттық. Есік алдына келгенде “шұғыл шақырту беріп жатыр, сен үйге кіре бер” деді. “Не шақырту” деп едім, “әйелін күйеуі ұрып жатыр екен, телефоныма хабарлама жіберіпті” деді. Мен де көріп, “102 хабарлассай” деген едім, “мені әлі еңбек демалысына шығармады ғой, әйеліне бірдеңе болып қалар, баруым керек” деп тез асығып кетіп қалды. Бір өкініштісі, 102 тіркетпейді, хабарласқан адамдарға өз нөмірлеріне хабарласуын сұрайды. Бүкіл полицейлер сондай, өз учаскесіндегі адамдарға 102 шықпай, өзімізге тікелей хабарлаңдар деп айтқызады. Ол дұрыс емес қой", – деп түсіндірді марқұмның әйелі Лаура.
Марқұмның әйелінің айтуынша, Мырзажанның өзіне келген хабарлама мен шақыртуы телефонында сақталған. Лаура жолдасының сол түні қызметтік міндетін атқарып барғанына сенімді.
Мырзажан кеткеннен кейін Лаура оның үйге қайта оралатынын күткен. Түнгі сағат төртте ұлы әкесіне қоңырау шалғанымен, телефоны бос болмаған. Әйел бастапқыда жолдасы жұмыс бабымен кеткен деп ойлап, таңғы 06:30-ға дейін көз ілмеген.
"Күдікті өз гаражында күйеуімді айуандықпен, азаптап өлтіріп тығып тастаған"
Одан кейін үлкен ұлына хабарласып, әкесінің әжесінің үйіне барған-бармағанын сұраған. Жауап теріс болған соң, Мырзажанның достарына хабарласқан. Олар өз кезегінде іздеуге кіріскен.
"Достарына да іздеу салып, қай уақытта тапқанын білмеймін, суық хабарды түстен кейін естідім… Менің жолдасымды күдікті өз гаражында айуандықпен, азаптап өлтіріп, фуфайкаға (қалың қыстық киім) орап, үстіне шөпті үйіп, таппасын деп тығып тастаған. Ақтық сапарында маған және анасына, бауырларына дидарын көрсетпеді. Жан жарымның қолын ұстап қоштаса алмадым, шығарып сала алмадым. Әлі де өлгеніне сенбеймін…" - дейді марқұмның жары Лаура.
Марқұмның әйелі Мырзажанды бір адамның ғана өлтіргеніне күмән келтіретінін айтты.
"Күйеуімді бір адам өлтірді деп ойламаймын. Бірнеше қаруды бір уақытта бір адам қолдана алмайды. Тағы да қасында адамдар бар деп ойлаймын. Бұл қылмыскерлер тез табылып, қатаң жазаларын алсын деймін. Қашып жүрген адам өте қауіпті. Басқа азаматтарға зияны тимей тұрғанда, тез тауып, қатаң жазасы берілсін. Мен әділдікті сұраймын. Менің жолдасымның қабірде жаны тыныш жатсын", – деді Лаура.
"Күдіктінің туған әпкесі Аралдағы соттың орындаушысы"
Мырзажан Жакеновтің туыстары қазір ең алдымен оның сол түні қызметтік міндетін атқарып жүргенін ресми түрде анықтауды сұрайды. Олар марқұмның "еңбек демалысында болғаны" туралы ақпараттың істің мән-жайын бағалауға әсер етпеуі керегін айтып отыр.
Туыстарының сөзінше, Мырзажанның артында әйелі мен төрт баласы қалды. Олар қылмысқа қатысы бар барлық адамның анықталып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін және марқұмның полиция қызметіндегі еңбегіне тиісті баға берілуін талап етеді.
Марқұмның туыстары да қылмысқа бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.
"Сот-медициналық сараптама кезінде марқұмның денесіне үш түрлі қарумен балта, темір (лом) және күрекпен соққы жасалғаны анықталған деп айтылды. Үш қарудың қолданылғаны сараптамада дәлелденген. Сондықтан мұны үш адам істеген болуы мүмкін деп ойлаймыз. Күдіктінің баласы да “мен артынан жасырын келіп ұрдым, кейін әкем жалғастырды” деп мойындағанын естідік. Бұл ақпараттың барлығы тергеу барысында нақты анықталуы керек", – дейді марқұмның туысы.
Туысының айтуынша, Мырзажанның денесі бастапқыда өз үйінің ауласындағы гараждан табылғаны туралы ақпарат тараған. Кейін полиция мәліметті нақтылап, мәйіттің күдіктінің үйінен табылғанын хабарлаған.
"Мырзажанды өлтіргеннен кейін денесін шөптің арасына тығып қойған деген ақпарат болды. Оны ешкім бірден білмеген. Кейін кішкентай бала қорқып, туған әпкесіне барып, “әкем біреуді өлтіріп тастады” деп айтқан. Осыдан кейін олар полицияға хабарлаған. Алғашқы ақпаратта мәйіт өз үйінің гаражынан табылды деген мәлімет тарады. Кейін полиция ақпаратты өзгертіп, марқұмның мүрдесі күдіктінің үйінен табылғанын айтты. Бізге түсініксіз тұсы неге алғашқы ақпаратта басқа мәлімет берілді және неге Мырзажанның еңбек демалысында болғаны қайта-қайта айтылып отыр?" – деді марқұмның туысы.

Мырзажанның туыстары оның қаза болған түні еңбек демалысында емес, қызметтік міндетін атқарып жүргенін құзырлы органдардың нақты анықтауын сұрайды. Туыстарының сөзінше, ол 30 тамыздан 31 тамызға қараған түні шамамен сағат 01:30-да өзіне қарасты учаскеде отбасылық жанжалға байланысты көмек сұраған әйелдің шақыруына барған.
"Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз. Тек Мырзажанның сол түні қызметтік міндетін атқарғанын құжаттармен анықтауды сұраймыз. Ол көмек сұраған әйелдің шақыруына полиция қызметкері ретінде барған. Егер бармаса, әлгі әйелге бір жағдай болған жағдайда, жауапкершілік қайтадан учаскелік инспекторға жүктелер еді. Мырзажан өз қауіпсіздігінен бұрын, көмекке мұқтаж адамның жағдайын ойлады. Сондықтан оның қаза болғанына қатысты “демалыста болды” деген сөздің айтылғанын қаламаймыз", – деді марқұмның туысы.
Сонымен қатар марқұмның жақындары оның атына қатысты ел арасында тараған түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырады.
"Ел арасында әртүрлі қауесет тарап жатыр. Біз олардың ешқайсысын расталған дерек деп қабылдамаймыз. Мырзажан – адал жар, төрт баланың әкесі, өз қызметіне адал азамат болды. Оның өмірінің соңына дейін полиция қызметкері ретінде міндетін орындағанын білеміз. Бізге ең керегі – оның артында жаман сөз қалмауы. Полиция қатарынан абыроймен шығарып салынғанын қалаймыз. Ол қоғам үшін қызмет етті, енді артында қалған отбасы мен төрт баласына оның жақсы аты қалуы керек. Ал күдіктінің туған әпкесі Аралдағы соттың орындаушысы. Сөйтіп содан қорқып жалған ақпарат та таратып жіберген секілді. Менен басқа да туыстарымыз шындықты жазғанда полицейлер келіп, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұдан қалды, кейін әлдекімдерден "алып тастаңдар, өздерің өлгілерің келіп жүр ме" деп хабарламалар жазылған", – дейді марқұмның әпкесі.
Ал Қызылорда полициясы не дейді?
Оқиғаға қатысты редакция Қызылорда облысының полиция департаментіне сауал жолдаған. Ведомство марқұмның оқиға кезінде еңбек демалысында болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ полиция күдіктінің жеке басы анықталғанын, оны ұстау бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
"Арал ауданында тұрмыстық жанжал барысында учаскелік полиция инспекторына дене жарақаттары салынып, соның салдарынан ол қайтыс болды. Оқиға кезінде қызметкер еңбек демалысында болған. Қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін күдікті отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін қайтыс болған учаскелік инспектор тарапынан бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты қорғау нұсқамалары да шығарылған", – деп жауап берді Қызылорда облысы полиция департаменті.

Қызылорда облысында учаскелік полиция инспектордың өліміне күдікті адам ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлімдеді.
“Ол Арал ауданының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді”, – деп полиция пікір білдірді.
Ал күдіктінің әпкесінің қызметі, күдіктінің не себепті әлі ұсталмағаны және марқұмның қызметте болғанына қатысты туыстары келтірген деректер бойынша редакция ішкі істер министрлігіне сауал жолдап қойды. Ресми ақпарат күтіп отыр.
Қазақстанда хиджабқа бола мектепті лицензиядан айыру дұрыс па: Заңгерлер не дейді?