Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жастар бөлек тұрғаны дұрыс": Меруерт Өтекешова жас отбасыларға кеңес берді

Меруерт Өтекешова
Фото: Harpersbazaar.kz

Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешова қазіргі жастардың отбасылық өміріне қатысты ойын бөлісті. Өнер иесі El.kz тілшісіне жас жұбайларға жеке шаңырақ болып, бөлек тұрған дұрыс деп санайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актрисаның сөзінше, өзі келін болып түскен жылдары ата-енесімен он жыл бірге тұрғанын айтты. Ол сол кезеңде отбасылық тәртіп пен үлкенге қызмет ету қалыпты жағдай болғанын еске алды.

“Біздің арамызда 50 жыл айырмашылық бар. Ол кезде біз де, қыздар да басқа едік. Жалпы, өмір басқаша болды. Сондықтан ата-енем бізбен он жыл бірге тұрды. Өте үлкен кісілер еді. Құрман ағаң: “Ауылдан алып келеміз” деді. Мен келістім. Сөйтіп, келіндік қызметімді атқардым”, – деді Меруерт Өтекешова.

Дегенмен актриса қазір заманның талабы мен жастардың көзқарасы бұрынғыдан өзгергенін атап өтті.

“Қазір жастарға айтарым – бөлек тұрған дұрыс. Басында бірге тұруға болады, дегенмен жалпы бөлек тұрған жөн. Қазір заман басқа, жастардың да, үлкендердің де ойы өзгерген”, – деді ол.

Меруерт Өтекешова әр буынның отбасылық өмірге деген көзқарасы әртүрлі болғандықтан, жас жұбайлардың жеке тұрмыс құрғаны өзара түсіністік пен жауапкершілікті қалыптастыруға көмектеседі деп санайды.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева жастардың бөлек тұруына көзқарасын білдіргені хабарланған еді. Оның айтуынша, жас жұбайлардың бірге не бөлек тұруы әр отбасының жағдайына байланысты. Дегенмен жаңа түскен келін әулеттің салт-дәстүрімен танысып, ағайынмен араласып, отбасылық тәрбие мектебінен өткені дұрыс.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 16:10