Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пәтер мен Түркияға жолдама": Баян Алагөзова халық әртісі Меруерт Өтекешоваға уәде еткен сыйын табыстады

Баян Алагөзова мен Меруерт Өтекешова
Фото: Видеодан скриншот

Продюсер Баян Алагөзова Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешоваға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі қуанышты сәттің видеосын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Баян Алағөзова бұл сыйлықты осыдан екі жарым ай бұрын уәде еткенін айтып, пәтерді әртістің талғамына сай етіп толық жөндетіп, барлық қажетті жиһаз бен тұрмыстық техниканы қойып берген.

“Біз сізге ештеңе ойламай-ақ келіп, бірден тұра беретіндей үй дайындауға тырыстық. Дизайнын өзім ойластырдым. Барлығы жайлы әрі тыныш атмосферада болғанын қаладым. Сіз жақсы көретін хрусталь шамдарды арнайы таңдадық, сүйікті суретшім Ботагөз Ақанаеваның картинасын алдырдым. Бұл пәтерді екі ай бойы дайындадық”, – деді продюсер.

Пәтерді аралап шыққан Меруерт Өтекешова қуанышын жасыра алмай, мұндай сыйлық күтпегенін айтты.

“Сөзім жоқ. Жылағым келіп тұр. Бәрі өте әдемі, жайлы екен”, – деді халық әртісі.

Продюсер мұнымен шектелмей, Меруерт Өтекешоваға тағы бір тосынсый жасады. Ол әртіске екі адамға арналған Түркияға 10 күндік демалысқа жолдама тарту етті.

“Сіз бұған әбден лайықсыз. Сіз – халық әртісісіз, сондықтан өмірдің бар жақсысын көруге тиіссіз”, – деді Баян Алағөзова.

Ал Меруерт Өтекешова Түркияға алғаш рет барғалы тұрғанын айтып, мұндай сыйлыққа ерекше риза болғанын жеткізді.

Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өз гардеробына “Қыз Жібек” фильміндегі Жібектің қамзолы қосылғанын айтып видео жариялағаны туралы жазған едік. Алайда бұл жаңалық көпшіліктің ашуын туғызды. Қазақстандықтар мұраның музейде сақталуға тиіс екенін жарыса жазды. 

Кейінірек продюсердің өзі де жауап берді. Оның айтуынша, киім ешбір ресми құжатта тіркелмеген, ал оны 30 жыл бұрын қоқысқа тасталудан қарапайым әйел сақтап қалған. Алагөзова қамзолды ұлттық мұра ретінде насихаттап, кейін музейге тапсыруы мүмкін екенін айтқан.

Еске салайық, биыл мамырда Баян Алагөзова Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешоваға арнайы тігілген тон мен эксклюзив зергерлік бұйымдар сыйлап, өзі таңдаған ауданнан пәтер алып беруге уәде еткен еді.

Продюсер сол кезде де: “Сіз ең жақсыға лайықсыз”, – деп құрмет көрсеткен.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 17 Шілде, 2026 19:55