Қамзол дауы: Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге төлеп тұратын болды

Танымал "Қыз Жібек" фильміндегі Жібектің қамзолының айналасынағы дау жалғасын тапты. Продюсер Баян Алагөзова актриса, Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өмір бойғы жеке төлем беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, бұл шешімін актрисаға және оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесіне деген жеке алғысы ретінде түсіндірді.
“Қазір камзол менде, барлық өрнегімен, барлық нақышымен сақтаулы тұр. Бұған дейін айтқанымдай, оны маған осы киімді сақтап қалған әйел табыстады. Камзол кезінде жойылуға тиіс болған екен. Енді оның тағдырын халық, тиісті органдар шешеді. Ал әзірге ол менің қолымда”, – деді ол.
Продюсер алдағы уақытта ұлттық құндылықты музейге тапсыратынын айтты. Оның сөзінше, әзірге оны жеті құлыптың астына сақтап жүр.
Ол сондай-ақ Меруерт Өтекешоваға жеке барып, алғыс айтқысы келетінін жеткізді. Бұған қоса, продюсер келесі “Қазақ аруы” байқауларының бірін актрисаға арнайтынын және оған жеке сыйлық жасайтынын атап өтті.
“Оған “Қыз Жібек” рөлі үшін, Қазақстан өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сіз – мәңгілік Қыз Жібексіз. Сіз – қазақ қызының мәңгілік символысыз”, – деді ол.
Баян Алагөзова Халық әртісіне “шағын сыйлық” ретінде тон тарту етті.
“Тонды үлкен ықыласпен таңдадым. Өлшемі де, ұзындығы да сізге дәл келеді деп үміттенемін. Бұл сізге лайық сыйлық”, – деді ол.
Сонымен қатар ол күйеуі Тұрсынғали Алагөзовпен бірге Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өмір бойғы қолдау көрсетпек.
“Театрға, киноға, өнерге бүкіл ғұмырын арнаған, бірақ кейін елеусіз қалып қойған қаншама адам бар екенін білемін. Олар еліміздің әр өңірінде, үлкенді-кішілі қалаларда өмір сүріп жатыр. Сондықтан меценаттарға айтарым: тарихымызды жасаған, өнерімізге қызмет еткен адамдарды ұмытпаңыздар. Қолдау көрсетіңіздер”, – деді ол.
Продюсер тонның Меруерт Өтекешоваға Астанаға жеткізілетінін, ал өмір бойғы төлемнің заңды түрде рәсімделетінін айтты.
ОқыңызМән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өз гардеробына “Қыз Жібек” фильміндегі Жібектің қамзолы қосылғанын айтып видео жариялағаны туралы жазған едік. Алайда бұл жаңалық көпшіліктің ашуын туғызды. Қазақстандықтар мұраның музейде сақталуға тиіс екенін жарыса жазды.
Кейінірек продюсердің өзі де жауап берді. Оның айтуынша, киім ешбір ресми құжатта тіркелмеген, ал оны 30 жыл бұрын қоқысқа тасталудан қарапайым әйел сақтап қалған. Алагөзова қамзолды ұлттық мұра ретінде насихаттап, кейін музейге тапсыруы мүмкін екенін айтқан.