"Сіз ең жақсыға лайықсыз": Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлайтын болды

Танымал продюсер Баян Алагөзова Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешовамен кездесіп, актрисаға пәтер сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесу барысында продюсер актрисаға ерекше құрмет көрсетіп, оған тарихи қамзол, эксклюзив зергерлік бұйымдар және уәде еткен тонын табыстады. Баян Алагөзова актрисаны қазақ өнерінің биік тұлғасы деп атап, оның ел мәдениетіне қосқан еңбегін ерекше бағалады.
“Мен қатты толқып тұрмын. Нағыз өнердің иконасымен кездесуге келе жатырмын. Сізді алғаш рет көріп, алғаш рет танысып отырмын. Мен өте бақыттымын. Оралдың қыздары иіле бермейді, бірақ мен сіздің алдыңызда бас иемін. Өйткені сіз – ұлы әйелсіз”, – деді ол.
Кездесудің басты сәттерінің бірі – “Қыз Жібек” фильмімен байланысты қамзолдың табысталуы болды. Баян Алагөзованың айтуынша, бұл киім ұзақ жылдар бойы сақталған. Қамзолдың 56 жылдан кейін де пішіні мен әшекейі сол күйі сақталған.
“Маған бұл камзол жайдан-жай келген жоқ деп ойлаймын. Мұның бәрі Алланың қалауы шығар. Сондықтан оны сізге табыстағым келеді. Енді бұл қамзолдың тағдырын өзіңіз шешуіңіз керек”, – деді ол.
Актриса тарихи киімнің сақталғанына таңданысын білдірді. Оның айтуынша, мұндай бұйымдар кезінде чех шыныларымен безендірілген, ал ұлттық киімдердің әр бөлшегі ерекше мәнге ие болған.
Сондай-ақ Баян Мақсатқызы Меруерт Өтекешоваға уәде еткен арнайы тігілген тонын да кигізді. Сонымен қатар оған ұлттық брендтің алтын мен гауһардан жасалған эксклюзив сырғасы сыйға тартты. Продюсердің сөзінше, зергерлік бұйым актрисаға арнайы тапсырыспен, жалғыз дана етіп жасалған.
“Бұл – сіздің Қазақстан үшін, ел үшін, тұтас ұлт үшін жасаған еңбегіңізге деген қарапайым алғысым. Сіздей жан жоқ және болмайды. Сіз – ханшайымсыз”, – деді ол.
Әңгіме соңында ең әсерлі сәт болды. Баян Алагөзова актриса Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, өнер иесі өзі қалаған ауданнан, өзі таңдаған пәтерге ие болады.
“Мен сіздің жылағаныңызды емес, қуанышты болғаныңызды қалаймын. Тағы да айтамын: сіздей адам жоқ және болмайды. Мен сізге пәтер сыйлағым келеді. Өзіңіз қалаған ауданда, өзіңіз қалағандай пәтер. Екі айдың ішінде сіз айтқан ауданнан пәтер таңдаймыз. Сіз ең жақсы жағдайда өмір сүруіңіз керек”, – деді ол.
Актриса бұл сөзден кейін толқып, алғыс айтуға сөз таппай қалғанын жеткізді.
“Менде алғыс айтатын сөз де жоқ”, – деді өнер иесі.
Ал Баян Мақсатқызы мұны жеке міндет емес, қазақ өнеріне көрсетілген құрмет деп түсіндірді.
“Сіз маған ештеңе қарыз емессіз. Керісінше, сіздің жағдайыңыз жақсы болуы үшін бәрін біз жасауымыз керек. Бұл – біздің парызымыз, біздің жауапкершілігіміз”, – деді ол.
Бұған қоса “Қыз Жібек” фильміне қатысты мұраны сақтау мәселесі де сөз болды. Продюсер тарихи қамзолды сақтап келген Рая Түкенқызының еңбегі атап өтті. Оның айтуынша, ол бұйымды жылдар бойы көзінің қарашығындай қорғап, ешкімге бермеген.
“Фильмді түсірген адамдардың еңбегін, олардың естелігін сақтап қалғым келді. Фильмге қатысты дүниенің бәрі Сұлтан ағаның арқасы”, – деді актриса.
Өнер иелері кездесу аяғында қазақ қыздарының болмысы, рухы мен таңдауы туралы да әңгіме өрбітті. Меруерт Өтекешованың сөзінше, нағыз қазақ қыздары – Қыз Жібектей өз таңдауы бар, рухы биік жандар.
“Қазақтың қыздарына ерекше күш берілген. Нағыз қазақ қыздары – рухы бар, өз таңдауын өзі жасай алатын қыздар. Міне, нағыз қазақ қыздары деген осы”, – деді ол.
ОқыңызМән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өз гардеробына “Қыз Жібек” фильміндегі Жібектің қамзолы қосылғанын айтып видео жариялағаны туралы жазған едік. Алайда бұл жаңалық көпшіліктің ашуын туғызды. Қазақстандықтар мұраның музейде сақталуға тиіс екенін жарыса жазды.
Кейінірек продюсердің өзі де жауап берді. Оның айтуынша, киім ешбір ресми құжатта тіркелмеген, ал оны 30 жыл бұрын қоқысқа тасталудан қарапайым әйел сақтап қалған. Алагөзова қамзолды ұлттық мұра ретінде насихаттап, кейін музейге тапсыруы мүмкін екенін айтқан.
Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді