160 миллион теңгеден астам ақша жымқырған қаржы пирамидасының басшысы елге жеткізілді
2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген The Finiko қаржы пирамидасының басшысы Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдіктіні елге қайтару прокуратура органдарының үйлестіруімен Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қатысуымен жүзеге асырылған. Тергеу барысында The Finiko құрылымының нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспағаны анықталған.

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, пирамидаға жаңадан қосылған адамдардың ақшасы бұрын ақша салғандарға беріліп отырған. Осылайша адамдарға ақша тауып жатқандай әсер қалдырып, жаңа салымшыларды тартқан. Күдіктінің әрекетінен қаржы пирамидасына азаматтардың 160 миллион теңгеден астам ақшасы тартылған. Сонымен қатар күдіктіге тиесілі, құны 221 миллион теңге болатын жер телімі мемлекет меншігіне тәркіленген.
Бұған дейін осы іс бойынша үш адам сотталған. Олардың мүлкі тәркіленіп, әрқайсысына 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер әзірге жарияланбайды.
Айта кетейік, бұған дейін 9 миллиард теңгені жымқырған Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталғаны туралы жазған едік.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді