Қазақстандықтар Құрылтай депутаттарының жеке қабылдауына жазыла алады
Қазақстандықтар енді Құрылтай депутаттарының жеке қабылдауына жазылып, өз өтініштері мен ұсыныстарын тікелей жеткізе алады. Осы мақсатта Құрылтайда қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай шешім Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың жетекшілігімен өткен бюро отырысында қабылданған.
Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиеваның айтуынша, қоғамдық қабылдау азаматтар мен депутаттардың тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Мұнда тұрғындардың арыз-өтініштері мен ұсыныстары жеке қаралады.
Депутаттың қабылдауына қалай жазылуға болады?
Құрылтай депутатының қабылдауына бірнеше жолмен жазылуға болады:
- Құрылтайдың ресми сайты арқылы электронды өтініш жолдау;
- жазбаша немесе ауызша өтініш беру;
- қоғамдық қабылдау бөлмесіне тікелей жүгіну.
Депутаттармен кездесу кестесі барлық фракция және комитеттермен келісілген. Қабылдау уақыты Құрылтайдың ресми сайтында жарияланған.

Сонымен қатар депутаттармен кездесуді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі бекітілді.
Қоғамдық қабылдаудың жұмысын депутаттар Константин Авершин, Айжан Аймағанова және Шолпан Каринова үйлестіреді.
Құрылтай өкілдерінің айтуынша, жаңа алаң азаматтардың мәселесін тікелей тыңдап, ұсыныстарын депутаттарға жеткізуді жеңілдетуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай журналистердің баспасөз орталығынан тыс жерде депутаттарға сұрақ қоюына тыйым салмақ екені хабарланған еді. Құрылтайдың екінші отырысынан кейін Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков жаңа ережені мәлімдеді. Оның айтуынша, егер депутат қаласа ғана сізге сұраққа жауап беруге шығады. Сөзінше, қазір құрылтайда жұмыс істеудің жаңа форматын көздейтін жаңа шешімдер әзірленіп жатыр.
Қазақстанда хиджабқа бола мектепті лицензиядан айыру дұрыс па: Заңгерлер не дейді?