Танымал бренд Adidas жарнамасы Маңғыстауда түсірілді
Әлемдік бренд Adidas жарнамасы Ақтауда түсірілді. Қазақ мәдениетін насихаттайтын бейнероликтерді өңірдегі жас шығармашылық топ бастапқыда өз портфолиосы үшін түсірген. Солардың бірі Instagram желісінде миллионнан астам қаралым жинап, әлемге әйгілі Adidas брендінің назарына іліккен. Нәтижесінде команда халықаралық компаниядан ресми тапсырыс алды. Осылайша Ақтау мен Маңғыстау облысында түсірілген материалдар брендтің жаһандық парақшасында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтаудан шыққан жас шығармашылық топ – Ay Qyz командасы әлемге әйгілі Adidas брендімен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл жоба ресми тапсырыстан басталмаған. Режиссер Айдана Меди бастаған команда алдымен өз портфолиосы үшін арнайы жобалар, яғни бейнероликтер түсіріп жүрген. Сол жұмыстардың бірінде команда қазақ мәдениетін, ауыл атмосферасын және заманауи street style бағыттарын үйлестірген. Бейнеролик Instagram желісінде миллионнан астам қаралым жинап, нәтижесінде Adidas өкілдерінің назарына түскен.

Осыдан кейін Adidas-тың жергілікті өкілдері шығармашылық топпен байланысып, ресми жоба жасауды ұсынған.
Adidas өкілдері шығармашылық топтың жұмысына олардың бұған дейінгі жобаларын көрген соң қызығушылық танытқан. Команданың өзіндік стилі мен шығармашылық ұстанымы бренд мамандарына ұнаған.
“Adidas белгілі бір өңірді емес, режиссердің шығармашылық көзқарасын таңдады. Оларға біздің бұған дейінгі жұмыстарымыз ұнап, дәл бізбен жұмыс істегісі келетінін айтты”, – деді Диана Меди.
Бұл жоба команда үшін спорттық киім жарнамасын түсірумен ғана шектелмей, қазақ мәдениетін заманауи визуалды тіл арқылы көрсетуге мүмкіндік берген.

Бір айдың ішінде шығармашылық топ Adidas-тың жаңа топтамасына арналған үш бейнеролик пен фотоматериалдар әзірлеген. Жобаға қатысқан барлық маман – Маңғыстау облысының тұрғындары. Актерлер мен модельдер де жергілікті тұрғындар, Қазақстан азаматтары.
Түсірілім жұмыстары Ақтаудың 22-шағынауданында, Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе және Дәулет ауылдарында өткен.
Жоба үшін Қызылтөбенің орны ерекше. Себебі режиссер Айдана Меди осы ауылдың тумасы. Қазақ ауылының өзіндік эстетикасы оның шығармашылық стилінің қалыптасуына айтарлықтай әсер еткен. Сонымен қатар режиссер бұған дейін де осы өңірлерде бірнеше шығармашылық жобасын жүзеге асырған.

Жаңа жобада команда дәстүрлі мотивтер мен заманауи қалалық эстетиканы қатар ұштастырған.
“Біз дәстүр мен заманауи стиль қатар өмір сүре алатынын көрсеткіміз келді. Сондықтан бейнероликте қазақ халқының күнделікті тұрмысын, ауыл өмірін және ләңгі, асық ату сияқты ұлттық ойындарды заманауи стильмен үйлестірдік”, – деді продюсер.
Дайын бейнероликтер мен фотолар Adidas компаниясына тапсырылған. Кейін материалдар брендтің ресми жаһандық парақшасында жарияланған.

Диана Медидің айтуынша, бұл жобаның команда үшін маңызы ерекше. Себебі бұл – Adidas брендінің Орталық Азиядағы алғашқы жобасы. Әзірге команда жоба халықаралық деңгейде жалғаса ма, жоқ па білмейді.
“Біз бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз мәдениетіміз бен күнделікті өмір салтымызды көрсетуге тырыстық. Жоба халықаралық деңгейге шыға ма, әзірге білмейміз. Бірақ егер осындай мүмкіндік болса, бұл Қазақстан мәдениетін әлемге таныту үшін тамаша мүмкіндік болар еді”, – деді Диана Меди.
Шығармашылық топ бұл жобадан бір нәрсені түсінген.
“Халықаралық брендтердің назарын аудару үшін міндетті түрде шетелдік үлгіге еліктеудің қажеті жоқ. Біздің өзімізде де әлемге көрсететін дүниелер жеткілікті”, – деді продюсер.

Диана Меди Маңғыстау облысында халықаралық брендтердің шығармашылық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік мол деп санайды.
“Әрине, біздің өңірде халықаралық брендтердің жобаларын түсіруге мүмкіндік бар. Маңғыстаудың өзіндік колориті түрлі шығармашылық жобаларға үлкен шабыт көзі бола алады деп сенеміз”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін әлемдік travel-блогерлер Қазақстанға келіп, еліміздің таңғажайып кадрларын көрсеткені хабарланған еді.