Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы "Сергек" камералары 2027 жылдан бастап ауыстырылуы мүмкін

Сергек камералары
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда “Сергек” бейнебақылау жүйесінің болашағы қайта қаралмақ. Қала билігі 2027 жылдан бастап қазіргі жүйені жаңғырту немесе оны басқа шешіммен алмастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Түпкілікті шешім арнайы жұмыс тобының қорытындысынан кейін қабылданады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәселе Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің тиімді пайдаланылуына жүргізген мемлекеттік аудит қорытындысы талқыланған отырыста көтерілді.

“Сергекке” балама жүйелер қарастырылып жатыр

Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүсіповтің айтуынша, қолданыстағы келісім 2021 жылы жасалған. Алайда содан бері технологиялық талаптар өзгеріп, нарықта жаңа шешімдер пайда болған.

Қазір қала билігі 2027 жылдан кейінгі бейнебақылау жүйесін дамытуға қатысты бірнеше нұсқаны қарастырып отыр. Өз ұсыныстарын екі компания берген. Олардың қатарында Астанада осыған ұқсас жобаны жүзеге асырған Presight G42 компаниясы да бар.

Жаңа жүйе тек жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркеумен шектелмеуі мүмкін. Оған көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды бақылау және бейнеаналитика жүргізу қызметтері де енгізілуі ықтимал.

“Алты-сегіз жыл бұрын “Сергек” нарықтағы негізгі шешімдердің бірі болса, қазір оған балама бола алатын кемінде алты-сегіз технология бар. Сондықтан біз барлық нұсқаны салыстырып жатырмыз”, – деді Мейрам Дүсіпов.

Жүйенің болашағына қатысты ұсынысты прокуратура, полиция, құқықтық статистика органдары, сондай-ақ экономика және экология басқармалары өкілдері кірген жұмыс тобы әзірлейді. Кейін құжат Алматы әкіміне ұсынылады.

Төлем 530 миллион теңгеге қысқаруы мүмкін

Тексеру комиссиясы істемей тұрған камералар үшін ақы төлемеуді ұсынған.

Цифрландыру басқармасының мәліметінше, қазір жеке серіктеске тек нақты жұмыс істеп тұрған кешендер үшін қаражат төленеді. Полиция департаменті камералардың жағдайы туралы ақпаратты ай сайын беріп отырады.

Сонымен қатар 350 аппараттық-бағдарламалық кешеннің кеш іске қосылуына байланысты жеке серіктес алдындағы төлем көлемін шамамен 530 млн теңгеге қысқарту жоспарланған.

Жаңа келісімде төлемді салынған айыппұл санына емес, нақты өндірілген айыппұл көлеміне байланыстыру ұсынылып отыр. Басқарма өкілдері бұл операторды істен шыққан камераларды жедел жөндеуге ынталандырады деп есептейді.

Аудит басқа да кемшіліктерді анықтады

Тексеру барысында Алматының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы цифрландыру жобаларының тиімділігін толық бағалау қиын болғаны анықталған.

Кейбір бастамалар мүлде жүзеге аспаған. Олардың қатарында “Алматылықтың әлеуметтік картасы” мен қаланың цифрлық егізі жобасы бар.

Аудиторлар іске қосылған бірқатар цифрлық жүйенің тиімділігіне де күмән келтірген.

Мәселен, 443,7 миллион теңгеге жасалған геоаналитикалық платформа күткен нәтижені бермеген және кейін іс жүзінде қолданылмаған. Жол жағдайын жасанды интеллект арқылы бақылауға арналған 200 миллион теңгелік жүйе де жұмсалған қаражатқа сай нәтиже көрсетпеген.

Денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы кейбір цифрлық жобалардың да жүйелі мәселелерді шеше алмағаны айтылды.

Кей жүйелер қала балансына алынбаған

Аудит кезінде тағы бір мәселе анықталған. Қала жеке компаниялар жасаған кейбір цифрлық платформаларды пайдаланғанымен, олардың жабдығы мен бағдарламалық өнімдеріне қатысты мемлекеттің құқығы келісімдерде нақты бекітілмеген.

Тексеру кезінде электронды жерлеу базасы, қолжетімділікті бақылау камералары, BI-есеп жүйесі, тикет-жүйе және дауыс роботтарының скрипттері әлі қала балансына алынбағаны белгілі болды.

Комиссия ақпараттық қауіпсіздікке бақылау да жеткіліксіз болғанын атап өтті.

Бюджетке 160 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылған

Аудит қорытындысы бойынша бюджетке 160,2 миллион теңге қайтарылды. Тағы 56,8 миллион теңгенің тауарлық-материалдық құндылықтары қалпына келтірілген.

Ал әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар материалдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданған.

Цифрландыру басқармасы тексеру нәтижесімен келісіп, барлық анықталған кемшілікті белгіленген мерзімде жоюға уәде берді.

Еске салайық, 2025 жылы Астанада “Сергек” операторымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімі аяқталып, қала билігі оны ұзартпаған. Кейін бейнебақылау жүйесін басқару Presight компаниясына берілді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 17:20