Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арықтататын дәрі ішемін деп бір өлімнен қалдым": Қазақстандық қыз-келіншектер салмақ тастау үшін денсаулығын қалай қатерге тіккенін айтты

Арықтататын дәрі ішіп ауыру
Фото: ЖИ

“Бір айда қиналмай-ақ 15 келі тастадым”, “Диетасыз, спортсыз 10 келіден арылдым”. Мұндай жарнамалар бүгінде көпшілікке таныс. Сымбатты денеге тез қол жеткізгісі келген қыз-келіншектер оның ағзаға қалай әсер ететінін ескере бермейді. Соның салдарынан артық салмақтан арылмақ болып, денсаулығына зиян келтіргендер де аз емес. Stan.kz тілшісі осындай өнімдердің зардабын көрген қыз-келіншектермен сөйлесті.

Динара Әділова осыдан алты жыл бұрын арықтататын өнімдердің бірін қабылдаған. Он күн бойы ішкенімен, салмағында еш өзгеріс болмаған. Керісінше, бір түні демі жетпей, құлап қалған.

“Аяқ-қолым бағынбай, екі апта бойы орнымнан тұра алмай жаттым. Содан кейін паникалық шабуылдар басталды”, – дейді ол.

Ол кейін мұндай жағдайға тап болған жалғыз өзі емес екенін білген. 

“Кейін бұл жағдайдың жалғыз менде болмағанын білдім. Мұндай өнімдер ағзадағы дәрумендерді азайтып, психикаға қатты әсер етеді деген пікірлерді көп кездестірдім. Тіпті ауыр психикалық ауытқуларға дейін жеткізуі мүмкін екенін жазғандар болды”, – дейді Динара.

“Дивандағы аю маған басын изеп тұрғандай көрінді”

Ал Жадыра Играгим “Липоформ” деп аталатын арықтататын капсуланы танысынан сыйлыққа алған. Салмақ тастағысы келген ол өнімнің ағзасына қалай әсер ететінін толық зерттеместен қабылдай бастаған. Алайда көп ұзамай ұйқысы бұзылып, жүрек қағысы жиілеп, тынысы тарылғандай күй кешкен.

“Түнде бәрі ұйқыға кеткенде, мен көз іле алмай отыратынмын. Жатсам, демім жетпей жатқандай сезілетін. Бір түні диванда тұрған ойыншық аю маған қарап, басын изеп тұрғандай көрінді. Қасына барсам, қимылсыз қалады. Алыстан қайта қарасам, тағы қозғалғандай болады. Оның галлюцинация болған-болмағанын білмеймін, бірақ сол сәтте қатты қорықтым”, – дейді Жадыра.

Оның сөзінше, капсуланы қабылдаған кезде тәбеті күрт төмендеп, тамақты бұрынғыдан әлдеқайда аз жей бастаған. Соның әсерінен салмағы 108 келіден 98 келіге түскен. Алайда арықтаумен бірге ағзасында әлсіздік пайда болып, гемоглобин көрсеткіші де төмендеген.

“Бұл жағымсыз белгілердің дәл сол капсуланы қабылдаған кезде басталды. Өнімді тоқтатқаннан кейін бәрі біртіндеп түзелді. Сосын дәріні ішпей қойдым, алғашында тоқтатқан кезде әлсіздікті сездім”, – дейді ол.

 

“Шашым уыстап түсіп, тырнақтарым сынғыш болды”

Ақбота есімді бойжеткен былтыр желтоқсанда әлеуметтік желіден көрген жарнамалар мен оң пікірлерге сеніп, Slim деп аталатын арықтататын дәріні сатып алған. Оның айтуынша, өнімді 22 мың теңгеге алған. Алайда дәріні қабылдағаннан кейін көп ұзамай денсаулығында түрлі өзгерістер байқала бастаған.

“Барлық пікірлерді оқып, мен де жақсы нәтиже көремін деп ойладым. Бірақ дәріні ішкеннің екінші күні-ақ басым айналып, өзімді жайсыз сезіне бастадым. Жатсам да, тұрсам да көзім қарауытып, басым айналатын. Кейін гемоглобинім түсіп кетті”, – дейді ол.

Ақботаның айтуынша, біраз уақыттан кейін шашы қатты түсе бастаған. Оның сөзінше, бұған дейін ағзасындағы дәрумен жетіспеушілігін толықтырып, шашында ешқандай мәселе болмаған. Ал дәріні қабылдағаннан кейін шашы уыстап түсіп, айтарлықтай сиреп кеткен.

Бұдан бөлек, тырнақтары да бұрынғыдай өспей, болмашы жерден сына беретін болған.

“Арада жарты жыл өтсе де, әлі күнге дейін қалпына келген жоқ: сәл өссе болды, ортасынан сынып кетеді. Сонымен қатар қатты ашушаң болып кеттім. Болмашы нәрсеге ренжіп, айналамдағыларға айғайлайтын болдым. Етеккір циклім де бұзылды”, – дейді Ақбота.

Соған қарамастан, күткен нәтиже болмаған. Ақбота бұл дәрінің көмегімен небәрі төрт келі ғана салмақ тастағанын айтты..

Ақботаның сөзінше, дәл осындай жағдайды оның анасы да бастан өткерген. Анасы бірнеше ай бойы Липолитик деп аталатын арықтататын капсуланы қабылдаған.

“Анам алғашында салмақ тастады. Бірақ кейін тамақ іше алмай қалды. Аз ғана ас ішсе болды, қатты құсып, қиналатын. Ағзасы тамақты қабылдамайтын болды. Кейін дәріні тоқтатқаннан кейін бұрынғыдан да қатты салмақ қосты”, – дейді ол.

Ақбота осы оқиғалардан кейін отбасы арықтататын дәрілерге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткенін атап өтті.

“Қазір ешкімге арықтау үшін дәрі ішуге кеңес бермейміз. Мұндай жағдайды өз басымыздан өткергеннен кейін қатты қорқып қалдық”, – дейді Ақбота.

“Денемді іріңді жаралар басты”

Ал Сабира есімді шымкенттік бойжеткен әлеуметтік желідегі тікелей эфирден арықтататын өнім туралы жарнаманы көріп, соған сенгенін айтады. Сатушы оның құрамын “таза, жанама әсері жоқ, тек дәрумендерден тұрады” деп таныстырып, міндетті түрде салмақ тастауға көмектесетінін айтқан.

“Сол сөздерге сеніп, өнімді қабылдай бастадым. Бірақ көп ұзамай басым ауырып, жүрегім айнып, құса бастадым. Кейін жағдайым одан сайын нашарлап, денемді іріңді жаралар басты. Тіпті жүре алмай қалдым. Өтіме де қатты әсер етті. Осылайша, арықтататын дәрі ішемін деп бір өлімнен қалдым”, – дейді Сабира.

Оның сөзінше, ең алаңдатарлығы – мұндай өнімдердің емізулі әйелдерге де сатылуы. Сабира “100% таза өнім” деген жарнаманың артында қандай қауіп тұрғанын тұтынушылар біле бермейтінін алға тартты.

“Емізулі әйелдерге де ұсынады. Ал оның балаға қалай әсер ететінін ешкім білмейді. Мен өз басымнан өткізгеннен кейін ғана мұндай өнімдердің қаншалық қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндім”, – дейді ол.

Сабира денсаулығы нашарлаған соң сатушыға хабарласқанын, алайда одан қолдау да, кешірім де естімегенін жеткізді.

“Жағдайымды айтқанымда, бар кінәні өзімнен көргендей болды. Тіпті кешірім сұрамады. Сондықтан қыз-келіншектерге мұндай өнімдерден аулақ болуға кеңес беремін. Одан да спортпен айналысып, диетологқа барған дұрыс”, – дейді Сабира.

Терім салбырап, шашым түсе бастады”

Қарлыға есімді ақтаулық келіншек арықтау үшін кезінде түрлі тәсілге жүгінгенін айтады. Ол “Редуксин”, “Молекула”, Pro Lipolitik, Fatzorb секілді өнімдерді қабылдап, арықтататын кофе мен капсулаларды да қолданып көрген. Бұдан бөлек, майды ерітеді деген уколдар салдырып, корсет киіп жүрген.

“Қазір ойласам, мұның бәрі өзіме жасаған үлкен қиянат екен. Кейбір капсулаларды ішкенде басым айналып, тіпті құлап қалатынмын. Салмағым күрт түсті, бірақ онымен бірге бұлшықетім де азайды. Терім салбырап, шашым түсе бастады”, – дейді ол.

Қарлығаның сөзінше, салмағы азайғанымен, аштық сезімі жоғалмаған. Керісінше, ағзасы тамақ сұрап тұрса да, өзін әдейі шектеп, тамақтан бас тартқан.

“Қатты ашығатынмын, бірақ өзіме тамақ жеуге рұқсат бермейтінмін. Денемді әбден қинаппын. Соның салдарынан салмақ та көп ұзамай қайта оралатын. Себебі ішімдегі аштықты түсінбеппін” –  дейді Қарлыға.

Ол қабылдаған өнімдердің ішінде ең жағымсыз әсерді “Редуксин” мен “Молекуладан” сезінгенін айтады. Бұл дәрілерді үш күн ғана ішкенімен, жүрегі қатты қағып, ұйқысы бұзылып, ашушаң бола бастаған. Сонымен қатар аяқ-қолы ұйып, өзін әлсіз сезінген.

“Үш күннің өзінде жағдайым қатты нашарлады. Жүрегім қағып, ұйықтай алмадым. Болмашы нәрсеге ашуланып, аяқ-қолым ұйитын. Сондықтан бірден ішуді тоқтаттым”, – дейді ол.

Қазір Қарлыға арықтау мәселесіне бұрынғыдай қарамайды. Ол тез нәтиже үшін өзін қинаудан және денсаулығына қауіп төндіретін өнімдерді қабылдаудан толық бас тартқан.

“Қазір салмағым 55 келі. Бірақ бұрынғыдай бір грамға дейін шектеп, өзімді қинамаймын. Енді ғана жанымды қаншалық қинағанымды түсініп жүрмін. Қазір ең бастысы – денсаулығым мен ішкі тыныштығым”, – дейді Қарлыға.

“Балам мазасызданып, ұйықтай алмай қалды”

Мұндай пікірлер әлеуметтік желілерде де толып тұр. Арықтататын өнімдерді қабылдағаннан кейін денсаулығында түрлі жағымсыз өзгерістер болғанын жазған қыз-келіншектер аз емес.

Сания есімді желі қолданушысы баласы сегіз-тоғыз айлық кезінде “Липолитик” капсуласын ішіп көргенін айтады. Алғашқы күннен-ақ тәбеті төмендегенімен, жүрек қағысы жиілеп, аузы құрғап, суды көп іше бастаған.

“Ол кезде баламды күніне үш-төрт рет қана емізетінмін. Емізуді азайтқаннан шығар деп ойладым. Бірақ түнде балам мазасызданып, ұйықтай алмай қалды. Содан кейін капсуланы бірден тоқтаттым. Қазір үйде сол күйі тұр”, – деп жазды ол.

Балнұр есімді қолданушы да “Молекула” деп аталатын өнімді бес күндей қабылдап, екі келі салмақ тастағанын жеткізді. Алайда көп ұзамай бірнеше күн бойы басы қатты ауырып, дәріні тоқтатуға мәжбүр болған.

“Дәріні ішпей қойғаннан кейін тәбетім бұрынғыдан да қатты ашылды. Соның салдарынан тастаған салмағымды қайта қосып қана қоймай, одан да артық салмақ жинадым. Сондықтан мұндай дәрілерді ішпеген дұрыс”, – дейді ол.

“Бетіме түрлі бөртпелер шықты”

Ақнұр есімді келіншек босанғаннан кейін арықтататын өнімді небәрі екі-үш күн ғана қабылдаған. Соған қарамастан жағымсыз әсері бірнеше аптаға созылғанын айтады.

“Жүрегім аузыма тығылардай қатты соғып, күндіз-түні ұйықтай алмадым. Бұған дейін асқазаным ауырмайтын, ал сол кезде екі бүктеліп жататын болдым. Бетіме де түрлі бөртпелер шықты. Екі-үш рет қана ішсем де, салдарынан бірнеше апта қиналдым. Ағзам тек содан кейін барып қалпына келді”, – деп жазды Ақнұр.

Ал Айгерім есімді қолданушы дәріні ішкен күндері жүрегі қысылып, басы айналып, суық тер шығатынын және қан қысымы көтерілетінін байқаған.

“Ұйқым келгенімен, ұйықтай алмай қиналатынмын. Көлікке отырсам, жүрегім қысылып, суық тер басып, басым айналатын. Қан қысымымды өлшесем, көтеріліп кететін. Дәріні ішпеген күндері өзімді қалыпты сезінетінмін”, – дейді ол.

Дәрігер не дейді?

Stan.kz тілшісі нутрициолог Маржан Қалымбеттен арықтататын шайлар мен дәрілердің ағзаға әсері туралы сұрады. Маманның айтуынша, мұндай өнімдердің көбі майды ерітпейді, тек іш жүргізіп, ағзадағы суды сыртқа шығарады.

“Көп жағдайда арықтататын шайлар мен дәрілердің құрамында диуретикалық, яғни зәр айдайтын және іш жүргізетін қоспалар болады. Олардың арасында сенна секілді үлкен дәретті сұйылтатын компоненттер де кездеседі. Іш өткен кезде ағзадан калий мен натрий секілді электролиттер шығып кетеді. Соның салдарынан адам әлсіреп, жүрек қағысы жиілеп, бауырға салмақ түсуі мүмкін” – деді ол.

Нутрициологтың сөзінше, мұндай препараттарды қабылдаған кезде салмақ азайғандай көрінгенімен, бұл майдың кеткенін білдірмейді. Негізінен ағза судан айырылып, ішектегі заттар сыртқа шығады.

“Препаратты ішіп жүрген кезде салмақ түсуі мүмкін. Бірақ оны тоқтатқаннан кейін салмақ қайта қосылады, кейде бұрынғыдан да артып кетеді. Себебі бұл өнімдердің мақсаты – майды жағу емес, ішті өткізіп, ағзадан суды шығару. Бұл арықтаудың дұрыс тәсілі емес”, – деп түсіндірді маман.

Дәрігер салмақ тастаудың қауіпсіз жолы калория тапшылығын қалыптастыру екенін айтты. Яғни адам күнделікті тұтынатын тағам мөлшерін азайтып, теңгерімді тамақтануы керек.

Маманның айтуынша, кейбір арықтататын дәрілердің құрамында кофеин мөлшері жоғары болады. Ол жүрек пен жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін.

“Кофеин жүрек қағысын жиілетеді. Кей адамдарда қолдың дірілдеуі, ұйқысыздық, үрей ұстамасы, депрессиялық күй, тіпті галлюцинация пайда болуы мүмкін. Жүйке жүйесінде туындаған мұндай мәселелерден арылу оңай емес. Ағзаны қалпына келтіруге үш-алты ай, кейде бірнеше жыл кетуі ықтимал”, – деді нутрициолог.

Ол дәрі қабылдау кезінде байқалатын қауіпті белгілерді де атады. Егер адамның іші күніне алты-жеті реттен көп өтсе, жүрегі қысылып, тамыр соғысы жиілесе немесе тыныс алуы қиындаса, препаратты бірден тоқтату қажет.

“Адам қатты әлсіреп, орнынан тұра алмай қалса, көзі немесе терісі себепсіз сарғайса, оң жақ қабырға асты қатты ауырса, қолы дірілдеп, ұйқысыздық пайда болса, дереу дәрігерге жүгіну керек. Осы белгілердің біреуі ғана байқалса да, дәріні қабылдауды жалғастыруға болмайды”, – деді ол.

Маржан Қалымбет арықтататын препараттардың зияны бірден байқалмауы мүмкін екенін атап өтті. Кей адамдар оларды үш-төрт ай бойы немесе бірнеше курс қатарынан қабылдайды. Алғашында ешқандай өзгеріс сезілмегенімен, уақыт өте келе жүрек, бауыр, гормондық жүйе және асқазан-ішек жолдарында түрлі ақау туындауы ықтимал.

“Ұзақ уақыт іш өтуінің салдарынан жүректің қалыпты жұмысына қажетті заттар ағзадан шығып кетеді. Бұл жүрек ақауына әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар бауырға үлкен салмақ түседі. Ішек микрофлорасы бұзылса, дәріні тоқтатқаннан кейін де үлкен дәрет қалпына келмеуі ықтимал. Мұндай препараттар ұйқы безіне де кері әсер етеді”, – деді маман.

Нутрициолог арықтататын дәрілер көбіне адамның ағзасындағы осал тұсқа әсер ететінін айтты.

“Адамның қай мүшесі әлсіз болса, мұндай өнімдер сол жерге екі есе кері әсерін тигізеді. Сондықтан әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, құрамы белгісіз препараттарды өз бетінше қабылдауға болмайды”, – деп қорытындылады ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 10:00