Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды" деген ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Уағыз айтқан ер адам
Фото: Видеодан скриншот

Түркістан облысында тойда уағыз айтқан 66 жастағы тұрғынның видеосы әлеуметтік желілерде пайда болғаннан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ішкі істер министрлігі ер адамның сөздерінде діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру элементтері бар екенін мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігі кемсітушілікке, адамның қадір-қасиетін қорлауға және қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген қоғамдық үндеулерге жол берілмейтінін атап өтті.

"Сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайды. Заңды бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемелерге жан-жақты құқықтық баға беріледі", – деп мәлімдеді министрлік өкілдері. 

Қылмыстық істің жіктемесі және тергеудің басқа да мәліметтері әлі жарияланған жоқ. Тергеу нәтижелері бойынша ер адамның әрекеттеріне соңғы құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, бұған дейін “ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды” деп тойда тілек айтудың орнына, уағыз айтып кеткен ер адам көптің ашуына тигені хабарланған еді.

Ер адам қазір тойларда арақ қойылмайтынын оң өзгеріс деп бағалады. Ал енді одан бөлек екі мәселені өзгерту керек дейді. Біріншісі, тойларда музыканы алып тастау. Екіншісі, әйелдер мен ерлерді бөлек отырғызу қажет. Оған қоса қария тойға келген әншілерді "шайтанның азаншысы" деп атады.

Бұдан бөлек, оның әйелдерді "ұрғашылар" деп атауы да қоғам сынына ұшырады. Желі қолданушылары мұндай сөздің орынсыз екенін, той – адамдарға ақыл-өсиет айтатын емес, ізгі тілек білдіретін орын екенін жарыса жазды.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 10:00