Әннің барлығы "харам" емес: Діни басқарма тойдағы даулы уағызға қатысты мәлімдеме жасады

Жетісайдағы тойлардың бірінде айтылған “музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы” деген сөздер әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамда қызу талқы туғызды. Осы жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҚМДБ өкілдері Ислам діні адамдарды бір-бірін ауыр сөзбен айыптамауға, әр адамның ар-намысына құрметпен қарауға үндейтінін атап өтті.
“Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес”, – делінген мәлімдемеде.
Діни басқарма тойда әйелдерге қатысты айтылған кемсітуші сөздерді де сынға алды.
“Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз”, – деп мәлімдеді ҚМДБ.
ОқыңызБасқарма музыка мәселесіне де арнайы тоқталды. Мәлімдемеде адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндердің құпталмайтыны айтылды. Алайда барлық музыканы бірдей харам деп бағалауға болмайтыны ескертілді.
“Дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар”, – делінген хабарламада.
ҚМДБ ел азаматтарын діни мәселелерде тек ресми қызмет атқаратын білікті дін мамандарының түсіндірмесіне сүйенуге шақырды.
“Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз”, – деп жазылған мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін “ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды” деп тойда тілек айтудың орнына, уағыз айтып кеткен ер адам көптің ашуына тигені хабарланған еді.
Ер адам қазір тойларда арақ қойылмайтынын оң өзгеріс деп бағалады. Ал енді одан бөлек екі мәселені өзгерту керек дейді. Біріншісі, тойларда музыканы алып тастау. Екіншісі, әйелдер мен ерлерді бөлек отырғызу қажет. Оған қоса қария тойға келген әншілерді "шайтанның азаншысы" деп атады.
Бұдан бөлек, оның әйелдерді "ұрғашылар" деп атауы да қоғам сынына ұшырады. Желі қолданушылары мұндай сөздің орынсыз екенін, той – адамдарға ақыл-өсиет айтатын емес, ізгі тілек білдіретін орын екенін жарыса жазды.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді