Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды": Тойда уағыз айтып кеткен ер адам көптің ашуына тиді

Уағыз айтқан ер адам
Фото: Видеодан скриншот

Жетісайда өткен тойлардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтып, музыка мен аралас отырған әйелдер мен ерлерді сынаған ер адамның видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Оның сөзі желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тойдағы жағдайдың видеосын әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.

Бейнежазбада сөз алған ер адам мұсылман қауымы шариғат талаптарын ұстануы қажет екенін айтып, тойларда арақтың қойылмай жүргенін оң бағалады. Алайда оның пікірінше, енді музыкадан да бас тарту керек.

“Біз мұсылманбыз. Мұсылман болғаннан кейін бізге шариғаттың үкімі болады. Ненің халал, ненің харам екенін Алла баттитып жазып кеткен. Аллаға шүкір, тойлардағы арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе қалды. Бірі – музыка деген бәле. Одан да құтылуымыз керек. Шариғатқа мүлде сай келмейді. Екіншісі – ерлер мен әйелдердің бірге отыруы. Кейінгі тойларға тамада інім, сенің құлағыңа алтын сырға. Себебі бәріміз Алланың алдына барып жауап береміз. Әншілер маған ренжімесін. Роза қарындасымыз келіп отыр ғой. Шариғатта оларды “шайтанның азаншысы” деп айтады”, – деді ол.

Бұл сөздерге әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желіде жауап беріп, өзін ғана емес, тұтас музыка өнерін қаралаған пікірмен келіспейтінін жеткізді.

“Дүмше молда – дін бұзар!” деп бастаған жазбасында әнші Жетісай өңірінің бұрыннан имандылық пен ұлттық дәстүр қатар сақталған өлке екенін атап өтті.

Оның айтуынша, өңірде үлкен жиын болмаса, ерлер мен әйелдер онсыз да бөлек отырады. Сондай-ақ той иесінің арнайы шақыруымен келіннің сәлем салу рәсіміне барғандарын, алайда құдалар келмегендіктен бұл дәстүр орындалмағанын айтты.

Әнші тойда сөйлеген адамның нағашы жақтан шыққанын айтып, оның пікіріне наразылық білдірді.

“Ханафи мәзһабымен жүрген аңқау елге арамза молда қайдан шыққан? Мені қойшы, тұтас музыканы харам деп тұрғаны қалай кетті? Ақшасын берді деп айыптағанға үндемей кете береміз бе? Кезінде пайғамбарымыз Айша анамызға ән айтқызған дегенді бұл кісі естімеген бе?” – деп жазды Роза Әлқожа.

Сонымен қатар әнші мұндай көзқарастардың қоғамға кері әсер ететінін айтып, Жетісайдағы діни ахуалға жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына да сауал қойды.

Жазбасының соңында ол өзіне қатысты айтылған сөздерді жеке басқа тиісу әрі қорлау деп бағалап, заңгерлерден құқықтық тұрғыда қандай жауапкершілік қарастырылатынын сұрады.

“Маған жасалған буллинг үшін жауап бола ма? Жеке басқа тиісу, қорлау бойынша қандай бап бар? Заңгерлер болса, жаза отырыңыздар. Мұсылманның көңілін қалдыру Қағбаны қиратқанмен тең деуші еді”, – деп жазды әнші.

Видео президент әкімшілігіне дейін жетті

Бұл жағдайға қатысты Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де пікір білдірді. Ол тойда айтылған сөздердің ұлттық болмысқа да, зайырлы қоғам қағидаттарына да қайшы екенін атап өтті.

“Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады”, – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою – асыра сілтеушілік. Қазақстан білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беретін мемлекет екенін жеткізді.

“Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан”, – деді ол.

Ерлан Қарин ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажет екенін айтты.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 11:48