Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ата-анасының қолхатымен неке қиыла береді": Үш әйел алған блогерден кейін ҚМДБ түсініктеме берді

көп әйелі бар блогерлер
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Үш әйелі бар блогер мен екінші рет үйленген блогердің мәлімдемесі қоғамда дау туғызған соң, редакция ҚМДБ-дан мұндай некені қиған имамдар анықталып, жазаға тартыла ма деген сауалға жауап сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көпәйелділікті ашық қолдап жүрген блогер Бауыржан Бақытжанұлы осы жолы үш әйелі мен тоғыз баласынан тұратын отбасын асырауға қаржы жетпей жатқанын айтып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұған дейін ол көпәйелділікті қолдайтынын, мұндай неке жасырын болмауы керек екенін айтып, қоғамда қызу пікірталас тудырған еді.

Сондай-ақ жуырда блогер Айтуған Ғалымов та екінші рет үйленгенін ашық жариялап, көпшіліктің сынына ұшырады. Екі блогердің мәлімдемесі қоғамда көпәйелділіктің заңдық және діни қырына қатысты талқылауды қайта жандандырды.

Осыған байланысты редакция Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауал жолдап, мұндай некелерді қиған молдалар анықталып, жауапкершілікке тартыла ма деген мәселені нақтылады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғатта көпәйелділік міндетті немесе парыз амал саналмайтынын, ол тек белгілі бір жағдайда ғана рұқсат етілетінін айтты.

"Шариғатта көп әйел алу міндетті, парыз амал емес. Бар болғаны, кей жағдайларға байланысты адамдарға берілген рұқсат", – деп жауап берді ҚМДБ.

Сондай-ақ басқарма имамдардың неке қию тәртібін түсіндіріп, азаматтық некені тіркеуге қатысты талаптардың сақталатынын жеткізді.

"Имамдар неке қиярда некеге отыратын жастардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімі берген куәлікті талап етеді. АХАТ куәлігі болмаса, өтініш бергені туралы анықтамасы сұралады. Ал АХАТ куәлігі де, анықтамасы да болмаса, екі жастың ата-анасы немесе әкесі не анасы жастардың алдағы уақытта АХАТ куәлігін алатынына кепіл болып, қолхат береді. Осыдан кейін ғана неке қиылады", – деп мәлімдеді ҚМДБ.
Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 14:22