Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

+41 градусқа дейін: Алматыда биыл жаз бұрынғыдан да ыстық болады

Ауа райы жаз
Фото: Magnific.com

Алматыда биыл жаз әдеттегіден ыстық болуы ықтимал. Синоптиктер маусым айында ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі деп болжап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Қазгидромет” мамандарының мәліметінше, мұндай аптап ыстық жаңа температуралық рекордқа ұласуы мүмкін. Алматыда жаз мезгіліндегі ең жоғары көрсеткіш 1983 жылы тіркелген. Ол кезде қалада ауа температурасы +43 градусқа дейін жеткен.

"Біз жаздың ыстық болатынын болжап отырмыз. Қазір экстремалды ауа райы құбылыстары көбейіп келеді. Сондықтан биыл тіпті бір күндік болса да, жаңа рекорд тіркелуі мүмкін”, – деді "Қазгидромет" РМК метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаев.

Синоптиктердің айтуынша, Алматыда нағыз аптап күндер алда. Бұлттың аз болуы мен желдің баяу соғуы ыстықты одан әрі сездіруі мүмкін. Мұндай ауа райында қала ауасындағы зиянды заттар да тез тарамай, салдарынан Алматы аспанын түтін тұманы басып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін.

Мамандар аптап күндері тұрғындарға күн астында ұзақ жүрмеуге, көбірек су ішуге және денсаулыққа мұқият болуға кеңес береді.

Дегенмен аптап ыстық жаз бойы болмайдя. Шілде мен тамызда Алматыда жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел соғуы мүмкін.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 11:10