Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 25 жастағы жігіт белгісіз жағдайда жоғалып кетті: Полиция мен еріктілер іздеп жатыр

Ерзат Егізбай жоғалып кетті
Фото: almaty.tv

Алматыда құқық қорғау органдары мен екі ірі волонтерлік ұйым із-түссіз жоғалып кеткен 25 жастағы Ерзат Егізбайды іздестіріп жатыр. Жігіт мегаполистің Жетісу ауданында жұмыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ерзаттың жоғалғаны туралы арызды 2026 жылы 19 мамыр күні Жетісу ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне оның туған ағасы Азамат Егізбай жазған. Оның айтуынша, Ерзат 19 мамыр күні шамамен сағат 14:30-да Райымбек даңғылы бойында (147Б үй маңындағы) орналасқан құрылыс нысанынан шығып кеткен. Оның осы уақытқа дейін қайда екені белгісіз.

Жігіттің қолында ұялы телефоны болған, соңғы рет ол Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында, Есік бағыты маңындағы "Көксай" бау-бақша серіктестігі аумағында қосылған.

Жоғалған азаматтың ағасының айтуынша, Ерзат бұған дейін үйінен ескертусіз кетіп көрмеген, арнайы медициналық есепте тұрмайды, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және бес уақыт намазын оқитын адам.

Ерзат Егізбайдың белгілері: бойы шамамен 165-170 см, орташа дене бітімді. Ерекше белгілері жоқ.

Киген киімі: қоңыр кофта, қоңыр шолақ жейде, қара түсті шалбар, қара кроссовка және қара кепка.

Қазір қылмыстық полиция Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесі деректері бойынша тексеріс жүргізген. Нәтижесінде Ерзат Егізбай Қазақстан шекарасынан өтпегені анықталған, сондай-ақ ол ХҚКО-ларға жүгінбеген, қайғылы оқиғаларды тіркеу бюросының есебінде жоқ.

Сонымен қатар Алматы қаласындағы медициналық мекемелер, жедел жәрдем қызметі мен мәйітханалар бойынша жүргізілген жедел тексерулер де әзірге еш нәтиже берген жоқ.

“Қазір полиция кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Алматы қаласы полиция департаментінің бүкіл жеке құрамы іздеу жұмыстарына жұмылдырылған. Аумақтарды тексеру және бағдарландыру хабарламаларын таратуға "Қоғам" және "Лидер KZ" волонтерлік ұйымдарының еріктілері де тартылған”, – делінген хабарламада.

Егер Ерзат Егізбайдың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлауыңызға болады немесе жоғалған азаматтың ағасы Азамат Егізбаймен +7 777 021 66 60 телефоны арқылы хабарласыңыз.

Айым Болатқызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 09:11