Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"+45°С аптап ыстық болады": Қазақстанда жаз айларына арналған ауа райы болжамы жарияланды

ауа райы жаз
Фото: Stan.kz

Синоптиктер Қазақстанда 2026 жылдың жазына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Маусым мен тамыз аралығында аптап ыстықпен қоса жаңбыр, найзағай, бұршақ пен қатты жел болжануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маусым: +45°С-қа дейінгі аптап ыстық, найзағай мен түнгі ызғар

Маусым айында елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Шығыс пен солтүстік-батыс өңірлерде көрсеткіш көпжылдық орташа мәнге жақын сақталады.

Күндізгі температура +15 +20 градустан +30 +38 градусқа дейін өзгереді. Оңтүстік өңірлерде кей күндері ауа +40 +45 градусқа дейін ысуы мүмкін. Ал салқындау кезеңдерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болады. Солтүстік, шығыс және таулы аймақтарда түнде ызғар болуы мүмкін.

Шілде: Қалыпты жылы ауа райы мен жауын-шашын аз болады

Шілде айы орташа деңгейде ыстық болады. Елдің басым бөлігінде температура климаттық нормаға сәйкес келеді. Көп өңірде +18 +24°, оңтүстікте +25 +30°, таулы аймақтарда +9 +17° болады.

Оңтүстік өңірлерде ыстық ауа райы сақталса, шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында ауа райы салыстырмалы түрде салқын болады. Жауын-шашын әр өңірде әркелкі түседі. 

Тамыз: Көп өңірде аптап ыстық болады 

Тамыз айында ел аумағының едәуір бөлігінде температура нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Оңтүстік-шығыста көрсеткіштер көпжылдық орташа деңгейде сақталады. Ең қатты ыстық орталық және батыс өңірлерде байқалуы мүмкін.

Жаздағы жауын-шашын: Кей өңірлерде құрғақшылық 

Жалпы жазда жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Алайда кей аймақтарда жауын-шашынның тапшылығы байқалуы мүмкін.

  • Маусымда – оңтүстік-батыс, солтүстік және орталықта;
  • шілдеде – батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыста;
  • тамызда – оңтүстік-батыс, орталық және шығыстың кей аудандарында құрғақшылық қаупі бар.
Stan.kz
Жұма, 15 Мамыр, 2026 15:43