Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

70 жасында қыздай болып көрінетін қазақстандық әйел жас көрінудің құпиясын айтты

Фото: Думан Нұрасыл 

Жасы 70-ке таяған алматылық Зәуре Темірханова көпшілікті сүйсіндіріп жүр. Ол күн сайын спортпен айналысып, салауатты өмір салтын берік ұстанады. Денсаулығына ерекше көңіл бөлетін әйел орта жасқа келсе де, биік өкшелі аяқ киімсіз жүрмейді. Оның жүзінен әлі күнге дейін әжім байқалмайды. Бұдан бөлек, Зәуре апа ағылшын тілін меңгеріп жүр, еркін жүзеді және экстремалды спорт түрлерімен де айналысады. Өмірге құштарлығы мен белсенділігі көпке үлгі. Ол жас көрінуінің құпиясын Stan.kz YouTube арнасында ашық айтты.

Зәуре Темірханова жас көрінуінің құпиясы өзіңді жақсы көруден басталатынын айтады. Ол ұйқыдан тұра салысымен спортпен шұғылданады. Ауыр штанга мен гантельдер денені қалыпта ұстауға көмектеседі дейді. Айтуынша, 57 келі салмағы осы жасқа дейін мүлде өзгермеген.

“Көпшілік ұйқыдан тұра салысымен тісін жуады, ал мен бірден спортзалға асығамын. Йогамен емес, ауыр штанга көтерумен айналысамын. Денені шынықтыру – денсаулықтың кепілі. Мысалы, буындарым сау болуы үшін биік өкшелі аяқ киім киемін. Шаш пен тырнақты қайта қалпына келтіруге болады, ал буын саулығын сақтау әлдеқайда маңызды. Қазір қырық-елу жастағы кей әйелдер денсаулығына жеткілікті көңіл бөлмейді. Соның әсерінен жүрісі де, сымбаты да өзгеріп жатады. Ал мен жетпіске таясам да, өзімді күтуден жалыққан емеспін. Әлі күнге дейін сәнді киініп, өз-өзіме күтім жасаймын. Байқасаңыз, бетімде әжім жоқ. Өмір бойы химия саласында еңбек еттім. Сондықтан тері күтімінің қыр-сырын жақсы білемін", – дейді Зәуре Темірханова.
Жас көрінудің құпиясы

Фото: видеодан скрин

Зәуре Темірханова дұрыс тамақтануға ерекше мән береді. Ол нан жемейтінін әрі сүт өнімдерін тұтынбайтынын айтады. Оның сөзінше, әр адам күнделікті ішіп-жейтініне мұқият қарап, денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек.

“Қазір адамдар дұрыс тамақтануға аса мән бере бермейді. Мен өмір бойы еңбек еттім. Әріптестерімді қашан көрсем де, үнемі тамақтанып отыратын. Бірақ көпшілігі өз салмағына, денсаулығына көңіл бөлмейді. Ал мен күніне үш мезгіл ғана тамақтанамын және артық ас ішуге өзіме ешқашан рұқсат бермеймін. Ең алдымен, адам өзін жақсы көрсе, дұрыс тамақтанудан бастауы керек. Тамақты шамадан тыс жеу – денсаулыққа зиян.Маған дұрыс тамақтану тақырыбын зерттеген ұнайды. Тіпті қазақ халқының тамақтану мәдениеті туралы арнайы бағдарлама жазғым келген. Адамдарға түнде бешбармақ пен бауырсақты шамадан тыс жеудің дұрыс емес екенін түсіндіргім келеді. Өзім аз тамақтанамын, бірақ тағамның сапасына ерекше мән беремін", – дейді Зәуре Темірханова.

Фото: видеодан скрин

Зәуре Темірханова жолдасымен бірге балаларынан бөлек тұрады. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің денсаулығына ерекше көңіл бөліп, үнемі қамқорлық танытады. Оның айтуынша, көп әйелдер егде жасқа келген соң ері мен әйелінің арасындағы махаббатты ұмытып, бар өмірін тек балаға арнап жатады. Алайда Зәуре апа мұндай көзқараспен келіспейді. Ол қандай жаста да ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен махаббат сақталуы керек деп есептейді.

“Мен күйеуіме әлі де ғашықпын. Егер мені жолдасымнан ажыратса, қатты қиналамын. Біздің махаббатымыз шексіз. Ол маған үнемі гүл сыйлап, мені қатты жақсы көреді. Балаларым немерелерімді үйге әкелу үшін бізден рұқсат сұрайды. Сосын біз өз жоспарымызға қарай, “кел, келме” деп шешеміз. Бізге мұражайға, әдемі мейрамханаларға барып, бірге уақыт өткізу ұнайды. Бала – өмірдің мәні емес. Өмірдегі ең жақын адам – жұбайың. Сондықтан тек баланы ғана емес, күйеуді де сүю, сыйлау керек", – дейді Зәуреш. 

Зәуреш Темірханова зейнетке шыққаннан кейін әлеуметтік желіде блог жүргізуді қолға алған. Бүгінде оның парақшасына 100 мыңнан аса оқырман тіркеліп, өмірлік тәжірибесінен алынған ақыл-кеңестерін қызығушылықпен тыңдайды.

Сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Stan.kz
Жұма, 22 Мамыр, 2026 09:00