“Хрю-хрю” мен “гав-гав” жегіңіз келмесе”: “Халал Даму" компаниясының жазбасы дау тудырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен байланысты "Халал Даму" компаниясы әлеуметтік желідегі екіұшты жазбасынан кейін сынға қалды. Ұйым тиісті сертификаты бар орындарға ғана баруға шақыратын жазба жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарбайды.
"Хрю-хрю, гав-гав, мяу-мяу етін жегіңіз келмесе, Халал сертификаты бар орындарға барыңыз”, – делінген жазбада.
Жазба желіде бірден қызу талқыға түсті. Пікір қалдырғандар ұйымды кәсіби этиканы сақтамады, маңызды тақырыпты орынсыз жеткізді және арзан хайпқа ұмтылды деп сынады. Көпшілік қоғамдық тамақтану орындарындағы тағам қауіпсіздігі діни құжатпен емес, заңмен және санитарлық талаптармен реттелетінін атап өтті.
Сонымен қатар бұл жарияланым сертификаттау жүйесінің өзіне қатысты да сын тудырды. Қазақстандықтар "халал" белгісі бар кейбір орындардағы санитарлық жағдайға шағым айтып, мұндай мекемелерде алкоголь еркін сатылатын жағдайларды да еске алды.
Материал жарияланған сәтте ҚМДБ бұл оқиғаға қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Ал "Халал Даму” компаниясы даулы жазбаны өшіріп тастады.
Айта кетейік, бұған дейін "Халал Даму” ЖШС-ға 850 мың теңгеге жуық айыппұл салынып, сот шешімімен оның аккредитация аттестатының күші жарты жылға тоқтатылған.
Сотқа қоғамдық тамақтану орындарының біріне құжат беру кезіндегі заңбұзушылықтар себеп болған. Анықталғандай, компания өз аккредитациясының шегінен тыс және белгіленген тәртіпті бұза отырып құжат рәсімдеген. Алайда кәсіпкерлік нысан бұл құжаттарды толыққанды сәйкестік сертификаты ретінде пайдаланған. "Халал Даму" берілген бланкілер тек ішкі құжат болғанын дәлелдеуге тырысқанымен, сот бұл уәжді қабылдамаған.
Оқыңыз