Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халал даму" заңдық күші жоқ сертификаттар беріп келген: Сот апелляциялық шағымды кері қайтарды

Халал белгісі
Фото: finratings.kz

Астана соты “Халал Даму” ЖШС-нің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұған ұйымның өз құзыретінен тыс халал сертификаттарын бергені себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, мүфтият жанындағы құрылым жылдар бойы заңдық күші жоқ құжаттар беріп келген. Салдарынан ел бойынша мыңдаған кәсіпкер заңды күші жоқ сертификаттармен жұмыс істеген болуы мүмкін.

Бұған дейін Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты “Халал Даму” ЖШС-ін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 415-1-бабы 1-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп таныған.

Компанияға 843 375 теңге айыппұл салынып, аккредиттеу аттестатының қолданылуы алты айға тоқтатылды.

Сот “Халал Даму” ЖШС-і халал процестер мен қызметтердің сәйкестігін растау жөніндегі аккредиттелген орган бола тұра, қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін жеке кәсіпкер “Төлекеевке” сәйкестік құжаттарын беру кезінде заң бұзушылықтарға жол бергенін анықтады. Тексеруге Halal Quality Center-дің өтініші негіз болған.

Сот материалдарында “Халал Даму” ЖШС-і сертификаттарды белгіленген тәртіпті бұзып рәсімдегені, сертификаттау схемаларын сақтамағаны және құжаттарды өз аккредитациясы шегінен тыс бергені көрсетілген. Сонымен қатар бұл құжаттар үшінші тұлғалар тарапынан кәсіпкерлік қызметте сәйкестікті растау құжаты ретінде қолданылған.

Компания өкілдері даулы құжаттар ішкі сипатта болғанын және техникалық реттеу саласына жатпайтынын алға тартқан. Алайда сот бұл уәжбен келіспеді. Сот құжаттардың мазмұны мен қолданылу мақсаты оларды сәйкестікті растау құжаттары ретінде қарауға негіз болатынын көрсетті.

Апелляциялық сот “Халал Даму” ЖШС-нің кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, жоспардан тыс тексеру нәтижелерімен және істің өзге де материалдарымен толық дәлелденген деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде сот бірінші инстанция қаулысын өзгеріссіз қалдырып, компанияның шағымын қанағаттандырмады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 15 Мамыр, 2026 12:05