Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Домбыраны харам дегені үшін 33 жастағы қазақстандық ұсталды

Азат Қоныс
Фото: әлеуметтік желіден

 

Ақтөбеде желіде домбыра мен басқа да ішекті аспаптарды "харам" деп атаған ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Выход к правде" Telegram арнасының мәліметінше, 33 жастағы Азат Қоныс жариялаған видеода ханафи мәзһабының нормаларына сілтеме жасап, домбыра, гитара және балалайканы тыйым салынған аспаптар деп атаған.

Осыдан кейін құқық қорғау органдары оған назар аударған.

"Діни алауыздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында. Сот оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.

Мұндай пікірлер әлеуметтік желіде бұған дейін де талқыланған. Бұған дейін хиджабтағы қыз домбыра тартуға болмайды деген видео да тараған еді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеде біржақты қорытынды жасамауға шақырды. Басқарма домбыраның – ғасырлар бойы мәдениет пен құндылықтарды жеткізіп келген ұлттық мұра екенін еске салды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 12:29