Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар мейрамханада сапасыз ас үшін төлем жасамауға құқылы ма – Сауда министрлігі жауап берді

мейрамханадағы тамақ
Фото: freepik.com

Қазақстанда мейрамханадағы тағам сапасына көңілі толмаған тұтынушылар бірден ақы төлемей кетіп қала алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергенов мейрамханадағы тағам толық піспеген немесе сапасыз болған жағдайда не істеу керегін түсіндірді.

Сауда министрлігіне қарасты комитет басшысы алдымен қызмет көрсетуші тарапқа, яғни мейрамхана әкімшілігіне немесе иесіне шағым айтуды ұсынады.

Болат Таңабергеновтің сөзінше, егер қызмет сапасына қатысты наразылық болса, ең алдымен ауызша шағымдану қажет.

"Егер мәселе шешілмесе, онда жазбаша түрде шағым түсіру керек. Мұндай жағдайда арыз мейрамхана иесіне немесе әкімшілігіне жолданады. Ал одан кейін санитариялық-эпидемиологиялық қызметке жүгінуге болады", – деп жауап берді Болат Таңабергенов.

Журналистер "тұтынушы сапасыз тағам үшін ақы төлемей кетіп қалуына бола ма?" деп сұрағанда, Таңабергенов егер мәселені сол жерде ауызша шешу мүмкін болмаса, есепшотты бәрібір төлеу қажет екенін айтты.

Алайда кейін тұтынушы аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ресми түрде шағым түсіре алады.

Еске салайық, бұған дейін ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин қазақстандықтардың азық-түлікке шығыны Еуропа елдеріне қарағанда жоғары көрінуі халықтың тұтыну әдетіне байланысты екенін айтқан еді. Оның сөзінше, қазақстандықтар көбіне азық-түлікті өздері сатып алып, үйде тамақ әзірлейді, ал еуропалықтар кафе мен мейрамхана қызметін жиі пайдаланады.

Айым Атамбаева
Жұма, 22 Мамыр, 2026 15:32