"Біз үйде дайындаймыз, олар кафеде тамақтанады": Вице-министр қазақстандықтардың неге еуропалықтарға қарағанда азық-түлікке көп жұмсайтынын айтты

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда азық-түлікке Еуропа елдеріне қарағанда неге көп қаржы жұмсалатынын түсіндірді. Айтуынша бұл қазақстандықтардың үйден тамақтанатынына байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министр Әмриннің айтуынша, Қазақстанда адамдар азық-түлік өнімдерін өздері сатып алып, көбіне үйде тамақ дайындайды. Ал дамыған мемлекеттерде тұрғындар мейрамхана мен кафелердің қызметін жиі пайдаланып, дайын тамаққа көбірек жүгінеді. Сол себепті қазақстандықтардың жалпы шығындарының жартысынан көбі 57,2%-ы азық-түлікке жұмсалса, дамыған елдерде 10–15% шамасында деген ақпаратты дұрыс түсіну керек. Оның пікірінше, мұндай деректерді салыстырғанда елдердің тұрмыс салты мен тұтыну құрылымын ескеру қажет.
"Бұл біздің өмір салтымызға байланысты болуы мүмкін. Біз көбіне үйде тамақ дайындаймыз, азық-түлікті өзіміз сатып аламыз. Ал шетелде адамдар көбіне мейрамхана, кафе сияқты орындарда тамақтанады. Таңғы асты да сонда ішеді. Ол жақта бұл қызмет ретінде есептеледі. Сондықтан қызмет көрсету үлесі олардың шығын құрылымында көбірек болады. Сол себепті бізде 50%, ал шетелде 15% дегенде, барлық факторды объективті қарау керек", – деді бірінші вице-министр мәжіліс кулуарында.
ОқыңызӘмрин қазақстандықтардың азық-түлікке кететін шығынын азайту үшін ақшаны дұрыс жұмсауы керек екенін алға тартты. Айтуынша, арзандау етіп алатын жерлер бар.
"Яғни адам қазір ақшасын неге жұмсап жатыр мәселе сонда. Дүкеннен де сатып алуға болады. Мысалы, супермаркеттен алуға болады. Ал кейбір адамдар бірігіп, етті тікелей сатып алады. Мен дүкеннен алмай, ауылдарды аралап барып сатып алатын адамдарды білемін. Барып келісіп, дайын бұқаны сатып алады. Кейін оны сойып, төртке бөліседі. Нәтижесінде бағасы әлдеқайда арзанға түседі", – деп қосты ол.
Вице-министр қазір азық-түлік бағасын, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты. Әмриннің мәліметінше, қызанақ, қияр және қырыққабат бағасы 15%-ға арзандаған.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады