Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұйымдасқан топ бар": Үкімет басшысы базарлардағы азық-түлік бағасын реттеуді тапсырды

Фото: freepik.com

Премьер-министр Олжас Бектенов ел базарларындағы азық-түлік бағасының өсуіне себеп болып отырған жайттарға тоқталды. Оның пікірінше, бағаның негізсіз өсуіне делдалдықпен айналысатын ұйымдасқан топтар әсер етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бектенов Сауда министрлігіне көтерме-тарату инфрақұрылымын дамытуды тапсырды. Сонымен қатар заманауи сақтау қоймалары мен логистикалық қуаттарды құру жұмыстарын жандандыруды міндеттеді.

“Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуін тежеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды жалғастыру қажет”, – деді үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол өткен аптада Сауда министріне ірі көтерме базарларда тәртіп орнатуды тапсырғанын еске салды.

“Жасыратыны жоқ, базарларда “ұйымдасқан топтар” заңсыз әрекет етеді. Олар көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да тауарлардың бағасын қолдан көтереді. Бұл – өнімсіз делдалдар. Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Бәсекелестікті қорғау агенттігі бірлесіп, осы мәселемен айналысыңыздар”, – деді Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда азық-түлік бағасы тұрақтандырылғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 12:15