Қияр мен пияз арзандаған: Қазақстанда азық-түлік бағасы тұрақтандырылды

Қазақстанда наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсімі небәрі 0,3% болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңесте 2026 жылдың бірінші тоқсанының алдын ала қорытындылары қаралды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсімі небәрі 0,3% болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе төмен. Жалпы бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2%-ды құрап, 2025 жылғы 3,8%-дан айтарлықтай төмендеген.
Мамандар бұл көрсеткіштер баға өсімінің тұрақты түрде баяулап келе жатқанын аңғартатынын атап өтті. Тұтыну бағалары индексі халықаралық әдістеме бойынша есептеліп, 537 түрлі тауар мен қызметті қамтиды. Мониторинг ел бойынша 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі.
Бағаның ең көп төмендеуі көкөніс өнімдерінде тіркелді. Атап айтқанда, қырыққабат 1,9%-ға, қызанақ 2,6%-ға, пияз 10,9%-ға, ал қияр 22,6%-ға арзандаған. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1%-ға төмендеді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, бұл оң динамикаға жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасы әсер еткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың жалпы аумағы 1,33 мың гектарға жетіп, әсіресе фермерлік жылыжайлар айтарлықтай артқан.
"Қазіргі уақытта министрлік өнеркәсіптік жылыжайлармен қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандумдар жасасу бойынша келіссөздер жүргізуде", – деп хабарлады Айжан Бижанова.
Сонымен қатар, министрлік қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру мақсатында өнеркәсіптік жылыжайлармен меморандумдар жасасу бойынша келіссөздер жүргізуде. Ал "ҚТЖ" ұлттық компаниясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдауға теміржол тарифтеріне жеңілдіктер енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
Қазақстанда бірқатар азық-түлік пен тауарға ең төменгі баға бекітілді
Көктемгі маусымда ерте пісетін көкөністерге баға өсімі ескеріліп, ішкі нарықтағы қорлар мен импорттық өнім жеткізілімі де бақылауда. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорларындағы өнімнің шамамен 24%-ы сақталған.
“Наурыз айының басынан бері Қытайдан жаңа көкөністер тұрақты жеткізіліп келеді. Елге 3200 тонна картоп, 800 тонна сәбіз және 14 тонна қырыққабат әкелінген. Ал 31 наурызда қазақстандық делегация ерте өнімдерді сатып алу үшін Өзбекстанға барады. Бағаның төмендеуіне Наурыз мерекесі кезіндегі жәрмеңкелер де ықпал етті. Ел бойынша 200-ден астам жәрмеңке ұйымдастырылып, жыл басынан бері олардың саны 1,5 мыңға жетті. Сонымен қатар, 300-ге жуық сауда нысаны қатысқан Nauryz sale акциясы аясында 70%-ға дейін жеңілдіктер ұсынылып, 4 миллионнан астам адам қамтылған”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда Наурыз мерекесі қарсаңында ауқымды республикалық "Nauryz Sale" акциясы өтеді. Науқан барысында сауда желілері мен орталықтар тұтынушыларға 70%-ға дейінгі жеңілдіктер ұсынылатынын жазғанбыз.
"Пасханы да, Ораза айтты да бірге тойламыз": Қазақстандық ару көпұлтты отбасындағы татулық пен ерекше дәстүрлері туралы айтты