Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тегін тексермей, ақылы қызметке жіберді": МӘМС жайлы айтқан алматылық емхана қызметкері қысым көріп, жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді

қызметкерді емханада қысым жасап
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Алматылық медицина қызметкері №8 қалалық клиникалық ауруханада МӘМС-пен тіркелген пациенттерді тегін тексерудің орнына ақылы қызметке жіберіп жатқанын байқағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл туралы басшылыққа хабарлағаннан кейін өзіне қысым көрсетіліп, кейін жұмыстан шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғын өз оқиғасын әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, Алматыдағы №8 қалалық клиникалық ауруханаға жұмысқа жаңадан орналасқан кезінде МӘМС-пен тіркелген пациентті тегін МРТ орнына 15 мың теңгеге ақылы тексеруге жіберіп жатқанын байқаған. Ол әйелдің видеосын да желіге жариялады.

“Бұл жағдайды видеоға түсіріп, №8 аурухананың бас дәрігеріне жолдадым. Алайда ешқандай әрекет болмады. Керісінше, содан кейін маған қысым көрсетіле бастады. Кейін маған ақысыз әрі құжатсыз тапсырмалар беріліп, "бізде бәрі осылай істейді" деген сөздер айтылды. Сондай-ақ бөлім меңгерушілері мен әріптестер тарапынан қысым мен қудалау басталды.

Кейін жағдай тіпті ушықты. Дәрігер әріптестердің бірі мені "суреттерді қарап шығуға" шақырып, кейін айғайлап, балағаттай бастады. Тіпті жанжалдың өзі тарапынан шыққанын өзі де мойындады. Бірақ аурухана әкімшілігі тағы да үнсіз қалды. Осының бәрінен кейін мен жұмыссыз қалдым”, – деді ол. 

Қызметкер төрт кәмелетке толмаған баланың анасы және отбасындағы жалғыз асыраушы екенін алға тартты. Ол жұмыстан шығарылған соң осы мәселемен сотқа жүгінген. 

“МӘМС-тегі пациентке қатысты мәселені көтергенім үшін мені жай ғана жұмыстан шығарып жіберді. Ал сотта жағдай мүлде басқаша көрсетілді. Сотта мені ықтимал заңбұзушылық туралы хабарлаған адам ретінде емес, "медициналық әдеп нормаларын бұзған қызметкер" ретінде көрсетті. 

Менде видео да, фактілер де болды. Бірақ сот бұған назар аудармады. Нәтижесінде менде мынадай түсінік қалыптасты. Жүйедегі мәселелерді көтерудің маңызы жоқ екен. Үндемесең ғана жұмыс істейсің. Бірінші сот инстанциясы талапты қанағаттандырмады. Енді апелляцияға беремін”, – деді ол. 

 “Үнемі кешігу, ішкі тәртіпке бағынбау, орынсыз әрекет: Қызметкер екі сотта да жеңілді”

Stan.kz тілшісі осы мәселеге орай №8 қалалық клиникалық ауруханасы мен Алматы қалалық Денсаулық сақтау департаментінен пікір сұрады. Екі орган да әйелдің желіде жалған ақпарат таратқанын және бұл сотта дәлелденгенін мәлімдеді. 

“2026 жылғы қаңтардың 28-інде Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты №8 ҚКА бұрынғы қызметкерінің жұмыстан шығаруды заңсыз деп тану, қызметіне қайта орналастыру, жалақы өндіру және моральдық өтемақы төлеу туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Сот барысында тәртіптік және келісім комиссияларының құжаттары, қызметтік жазба мен баянаттар қаралды. Онда қызметкердің еңбек тәртібін, кәсіби әдеп пен деонтология талаптарын бірнеше мәрте бұзғаны көрсетілген. Атап айтқанда, жұмысқа үнемі кешігу, ішкі тәртіпке бағынбау, пациенттермен және әріптестермен түсініспеушілікке жол беру, ұжым ішінде орынсыз әрекет жасау жайттары тіркелген”, – деді ведомство. 

Емхананың айтуынша, қызметкердің бұл әрекеттері әлеуметтік желіге бейнематериал жарияланғанға дейін-ақ анықталған. Кейін тәртіптік кеңестің шешімімен оған сөгіс берілген.

“Кейін қызметкер әлеуметтік желіде пациенттердің қатысуымен түсірілген бейнематериалды таратып, медициналық ұйымның беделіне нұқсан келтіретін субъективті пікір жариялаған. Жарияланған бейнероликтердің біріне байланысты жүргізілген тексеру барысында МӘМС шеңберінде тексеруден өткен пациент медициналық көмектің тегін көрсетілгенін жазбаша түрде растады. Сондай-ақ өзінен ақша талап етілгені туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген. Бұған қоса, бейнетүсірілім өзінің келісімінсіз жасалғанын көрсеткен”, – деп қосты мекеме. 

Емхана өкілдері екінші сот инстанциясында қызметкерге қатысты жағдайға түсініктеме беріп, мынадай мәлімет ұсынды:

"2025 жылғы 2 қыркүйекте қызметкер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 37-бабы 1-тармағына сәйкес сынақ мерзімінен өтпеуіне байланысты жұмыстан босатылды. Кейін ол сотқа жүгінгенімен, істі қараған сот ұсынылған құжаттар мен тараптардың уәждерін зерттеп, талап-арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

2026 жылғы 20 мамырда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, бұрынғы қызметкердің жұмысына қайта алу және жұмыстан шығаруды заңсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырмады.

№8 қалалық клиникалық аурухана өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырып, медициналық әдеп, деонтология талаптары және пациент құқықтарын қорғау қағидаттарын қатаң сақтайды", – деді мекеме.

Stan.kz
Жұма, 22 Мамыр, 2026 17:13