Түркістанда бір күнде сыныптас екі оқушы ҰБТ-дан 140 балл жинады

Түркістанда бір күнде екі оқушы ҰБТ-дан 140 балл жинады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ең жоғары нәтиже көрсеткен Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев тіпті бір сыныптың оқушылары. Тестілеуге жыл бойы барын салып дайындалған түлектер әлі күнге дейін түс көргендей сезімде жүргенін жасырмайды. Көпбалалы отбасыдан шыққан жігіттер тіпті дайындық кезінде де мұндай көрсеткіш жасай алмаған екен.
Соңғы бір жылдан бері бір сыныпта оқитын Айсұлтан мен Жасур қазір мектепте ғана емес Түркістан облысында жұлдызға айналған. Өйткені қос сыныптас бір күнде ҰБТ тапсыруға кіріп, бір күнде 140 балл жинап шықты. Жыл бойы сабақты жарысып оқыған екеу нәтиженің де бірдей болатынын күтпедік дейді.
"Тест тапсырып отырғанда Айсұлтан 140 балл алды деп естідім. Сыртта бәрі шулап кетті. Мен де сондай нәтижеге жетсем деп, намысқа тырысты. Негізі аяқтап кеткелі отырғанмын. Бірақ Айсұлтанның қорытындысы маған мотивация берді. Соның арқасында әр жауабымды қайтадан 3-4 рет қарап шықтым. Сөйтіп бір қатемді таптым. 139 шығады деп ойлағанмын. 138 шығар дедім. Бірақ осындай үлкен балл аламын деп ойламадым”, – дейді Жасур Нышанбаев.
Жоғары межеге жеткен жігіттердің екеуі де көпбалалы отбасыдан шыққан. Айсұлтанның әкесі такси жүргізушісі болса, анасы бастауыш сыныбының мұғалімі. Ал, Жасурдың әкесі құрылыста жұмыс істесе, анасы үй ханымы. Озат оқушылар ата-анамызға жақсы жағдай жасау үшін жақсы оқуды таңдадық дейді.
"ҰБТ-де 140 балл жинау қол жетпес арман болған. Бірақ арманым орындалды. Менің әкем такси жүргізушісі. Анам №90 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі. Достарыммен енді қуанышымды бөлісіп жатқанда әкем хабарласты. “Жарайсың, балам! Сенімен мақтанам” деді. Сүйіншіңе не сұрасаң да беруге дайынмын деді. Олар бар ақшасын қиып, менің оқуыма жұмсады. Сол еңбек, маңдай-терін ақтағым келді. Ниетіме жеткен сияқтымын", – дейді Айсұлтан Жаңбырбай.
ОқыңызЖігіттердің алда екінші мүмкіндігі бар. Алайда олар тағы да уайымдап, қобалжығымыз келмейді дейді. Сондықтан енді нақты мамандық пен оқу орнын таңдауға кіріспек.
“Ата-анамның оңайлықпен ақша таппайтынын білем. Үйде 6 баламыз. Бәрімізге жеткізу үшін күндіз-түні еңбек етеді. Мен сол жақындарыма жақсы жағдай жасауды армандаймын. Болашақта жасанды интеллекті жақсы меңгерген маман болып табысқа кенелгім келеді. 10 сыныпқа дейін смартфоным да болмады. Оны алып бер деп ата-анама салмақ та салмадым. Есесіне менің сабақ оқитын уақытым болды. Бүгінгі нәтиже де соның себебі деп ойлаймын”, – дейді Жасур Нышанбаев.
Түркістан облысы бойынша әзірге ең жоғары нәтиже көрсеткен Айсұлтан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды армандаса, Жасур IT саласында жұмыс істегісі келеді. Айта кетейік, 140 баллды биыл Қазақстан бойынша 4 түлек жинап үлгерді. Олар Семей, Тараз және Түркістан облысының оқушылары.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістанда бір сыныптың екі оқушысы ҰБТ-дан 140 балл жинағаны туралы жазған едік.
"Тегін тексермей, ақылы қызметке жіберді": МӘМС жайлы айтқан алматылық емхана қызметкері қысым көріп, жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді