Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Jan Production ісіндегі заңгер өзін полицияның заңсыз ұстағанын айтты

Жан Байжанбаев пен Раушан Омарова
Фото: Жан Байжанбаев пен Раушан Омарованың жеке архивінен

Jan Production ісі бойынша жәбірленушілердің мүддесін қорғап жүрген заңгер Раушан Омарова Алматыда полиция қызметкерлері өзін күшпен ұстап, бірнеше сағат бойы еркінен тыс ұстағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полиция департаментінің хабарлауынша, қызметкерлер "заңда көзделген шараларды қабылдаған". Тексеру нәтижесінде Раушан Омароваға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалған.

"Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – деп мәлімдеді ведомство.

Ал Раушан Омарова 21 мамыр күні Бостандық ауданындағы полицияның тірек пункті қызметкерлері өзіне күш қолданып, қызметтік көлікке отырғызып, бірнеше сағат бойы еркінен тыс ұстағанын айтады. Оның сөзінше, полиция қызметкерлері қорқытып, Jan Production ісі бойынша жәбірленушілерге құқықтық көмек көрсетуді тоқтатуды талап еткен.

Заңгер бас прокуратурадан, ішкі істер министрлігінен және президент әкімшілігінен аталған жағдайға тексеру жүргізуді сұрады.

Айта кетейік, Jan Production жеке кәсіпкерлігіне қатысты алаяқтық ісі ата-аналардың шағымынан кейін қозғалған еді. Олардың айтуынша, компания балаларын кино жобаларға, премьераларға және танымал тұлғалармен кездесулерге қатыстыруды уәде етіп, кастинг үшін 1,5 миллион теңге алған. Алайда уәде етілген түсірілімдер өтпеген.

Еске салайық, бұған дейін компанияның кінәсі дәлелденсе, басшысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін жазған едік. Ал жарнамаға қатысқан актерлерге ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Бұл продюсерлік орталық Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында сериалдарға түсіру үшін кастингтер өткізген. Олардың арасында “Рэкетир” фильмінде кәсіпкер рөлін сомдап, қазақстандықтар арасында кең танымал болған Жан Байжанбаев қатысқан жобалар да бар. Айта кетейік, бұған дейін алматылық ана қызының киноға түсуі үшін кастинг компаниясы 1,5 млн теңге несие алдыртуға мәжбүрлегенін айтқаны хабарланған еді.

Айым Атамбаева
Жұма, 22 Мамыр, 2026 18:10