Қазақстанда 25 мамырға дейін ауа райы құбылмалы болады

Синоптиктердің болжамынша, 23-25 мамыр аралығында еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазгидромет" мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында ауа райы тұрақсыз болады. Шығыс өңірлерде түнгі уақытта жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын сақталады.
23 мамырда Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Сонымен қатар екпінді жел соғады деп күтілуде. Ал 24-25 мамыр күндері оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал.
ОқыңызРеспубликаның қалған бөлігінде көбіне жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен ел аумағында жел күшейіп, оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Сондай-ақ солтүстік-шығыс, шығыс және орталық облыстарда түнде 1–3 градус үсік болады деп болжанып отыр. Осы күндері Қазақстан бойынша күндізгі ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. Батыста +35°C-қа дейін ыстық болса, солтүстік пен орталықта +32°C-қа дейін жылынады. Оңтүстікте ауа температурасы +35°C-қа дейін жетеді.
Еске салайық, бұған дейін кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның арнаулы мекемесі саналатын Дүниежүзілік метеорология ұйымы климат, ауа райы, су ресурстары және табиғи апаттардың қатерін азайту бағытындағы жаһандық ынтымақтастықты ілгерілетуде негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Президент Қазақстан тарапының БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен өзара байланысты арттыруға дайын екенін растады. Бұдан бөлек, өңірлік және жаһандық деңгейдегі су қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқару мәселелерін шешудің өзектілігіне мән берілді. Бұл ретте Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының маңызы айрықша. Түркістан облысы БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірге су қоймаларын толтыру және ауыл шаруашылығы жерлеріне су жеткізу мақсатында жауын-шашынды жасанды жолмен шақыратын бастаманы жүзеге асырады. Аталған жоба биыл 17 мамырда іске қосылады. Осылайша, Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын пайдаланған алғашқы ел болмақ.
"Тегін тексермей, ақылы қызметке жіберді": МӘМС жайлы айтқан алматылық емхана қызметкері қысым көріп, жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді