Halyk Bank кәсіпкерлерге 5 минутта қаржыландыру алуға мүмкіндік беретін жүйені таныстырды

Елордадағы “ЭКСПО” халықаралық көрме орталығында IX рет өтіп жатқан Ulttyq Ónim көрмесі басталды. Биыл шараға Қазақстанның 20 өңірінен 600-ден астам кәсіпкер қатысып, отандық өнімдерін ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – көрме тарихындағы ең ауқымды алаңдардың бірі. Шара 24 мамырға дейін жалғасады.
600-ден астам кәсіпкер өз өнімін таныстырып жатыр
Көрменің салтанатты ашылуына вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты. Ол көрмені өз сөзімен ашып, одан кейін павильондарды аралап шықты. Сонымен қатар Halyk Bank стендіне арнайы барып, банк ұсынған цифрлық шешімдер мен кәсіпкерлерге арналған қолдау құралдарымен танысты. Министр банк өкілдерімен сөйлесіп, ұсынылған жобаларға қызығушылық танытты.
Көрмені аралау барысында Серік Жұманғарин бірнеше өндіріс орнының жұмысымен танысты.
Онда Павлодардағы “Феникс” жиһаз фабрикасының өнімдері таныстырылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмыс орындарының санын 15-тен 60-қа дейін көбейткен.
“Кәсіпкерлер 5 минутта қаржыландыруға қол жеткізе алады”
Көрме аясында өткен панельдік сессияда кәсіпкерлікті қолдау, қаржыландыруға қолжетімділік және бизнесті дамыту тетіктері талқыланды. Онда Halyk Bank басқарма төрайымының орынбасары Ольга Вурос сөз сөйледі. Ол мемлекеттік кепілдік бағдарламалары кәсіпкерлер үшін қаржыландыру мүмкіндігін кеңейткенін айтты. Оның сөзінше, кепілдіктердің басым бөлігі шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.
“Кепілдіктердің орташа көлемі шамамен 26 миллион теңге. Жалпы кепілдіктердің 85%-ы шағын және орта бизнес жобаларын қолдауға берілді. Әдетте клиенттік базаның негізгі өсімі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан жобалар мен инвестицияға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер есебінен қалыптасады. Бұл бағдарлама бұрын банктер тәуекелі жоғары деп санаған, кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлердің де қаржыландыруға қол жеткізуіне жол ашты”, – деді ол.
Ольга Вуростың айтуынша, осы құралдың арқасында бұрын қаржыландырылмаған ірі жобаларға қолдау көрсету мүмкіндігі артты.
“Соның ішінде Қосшы қаласындағы емхана мен аурухана құрылысы бар. Сонымен қатар құрылыс материалдарын өндіру, құрылыс және өндіріс салаларындағы жобаларға қолдау көрсеттік. Жалпы жобалардың 70%-ы инвестициялық бағытқа тиесілі. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Яғни жаңа өндірістік қуаттар іске қосылып, ел экономикасының дамуына жұмыс істеп жатыр”, – деді Halyk Bank басқарма төрайымының орынбасары.
Сонымен қатар ол кәсіпкерлерді қолдауда тек қаржыландыру емес, оқыту мен сүйемелдеудің де маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның сөзінше, банк әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған арнайы бағдарламаларды бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді.
“Біз жыл сайын әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған бағдарламаларды іске асырамыз. Биыл банк өз қаражаты есебінен шамамен 1 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру бөлді. Бірақ біз тек ақша берумен шектелмейміз. Өңірлерді аралап, қатысушыларды жинаймыз, оларды оқытамыз, бизнес-жоспар дайындауға көмектесеміз. Кейін олар өз жобасын таныстырады. Біз үздік жобаларды таңдап, гранттар бөлеміз. Ал барлық жоба толық сараптамадан өтіп, тұлғаның қаржылық мүмкіндігі мұқият тексеріледі”, – деді ол.
Ольга Вуростың сөзінше, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету аса маңызды. Себебі ірі компаниялардың мүмкіндігі көбірек болғанымен, шағын кәсіпкерлерге білім мен тәжірибе жетіспей жатады.
“Ірі компаниялар қымбат консалтинг қызметтерін, техникалық және қаржылық сарапшыларды, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалана алады. Ал шағын және орта бизнеске негізгі қолдау қажет. Сондықтан біздің міндет – клиенттерді оқытып, дамыту”, – деді банк өкілі.
Сонымен қатар ол Halyk Bank кейінгі жылдары цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні белсенді енгізіп жатқанын айтты.
“Halyk Bank-тің басты артықшылықтарының бірі – клиенттік базаның кеңдігі. Қазақстандағы ірі бизнестің 85%-ы Halyk ішінде шот ашып, транзакция жүргізеді. Бұл бізге үлкен деректер базасының негізінде скоринг модельдерін жасауға мүмкіндік береді. Қазір кәсіпкерлер банкке келмей-ақ онлайн өтінім беріп, 5 минут ішінде қаржыландыруға қол жеткізе алады”, – деді Ольга Вурос.
Оның айтуынша, цифрлық технологиялар бизнестің ашықтығын арттырып, кәсіпкерлерге тиімді шарттармен қаржыландыру алуға көмектеседі.
“Біз барлық транзакцияны көріп, кәсіпкердің табысын бағалай алуымыз керек. Кәсіпкерлер төлемдерін уақытылы жүргізіп, салықтарын төлеуі қажет. Осы факторлардың барлығы кредиттік скорингке әсер етеді. Соның арқасында кәсіпкерлер көбірек қаржыландыру алып, тиімді мөлшерлемеге қол жеткізе алады”, – деді Halyk Bank басқарма төрайымының орынбасары.
Ольга Вуростың айтуынша, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен банктік тетіктер шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады. Оған қоса ел экономикасының дамуына серпін береді.
“Көрме аумағы екі есе кеңейтілді”
Көрме аясында “Даму” қоры кәсіпкерлерге арналған жаңа қолдау тетіктерін таныстырды. Қор басшысы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалар саны артып келеді. Әсіресе қаржыландыру мен өңірлік қолдауға ерекше көңіл бөлініп жатыр дейді.
“Елімізде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Қаржыландыруға мүмкіндікті молайту және кәсіпкерлерді көптеп қолдау мақсатында “Даму” қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жабдықтарын жаңғыртуға арналған “Өрлеу” және “Өрлеу-лизинг” жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы нарықтық қолдау тетіктері күшейтілді. Бұдан бөлек, шағын қалалар мен ауылдардағы шағын және орта бизнеске кешенді қолдау көрсетуге арналған “Іскер аймақ” бағдарламасы іске қосылды”, – деді қор төрағасы.
Сонымен қатар Фархат Сәрсекеев кәсіпкерлерге кеңес беру мен қызмет көрсетуді жеңілдету бағытында да жаңа жобалар қолға алынғанын мәлімдеді.
“Қордың өңірлік филиалдары базасында “Бәйтерек” холдингінің бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша Бірыңғай фронт-офистер құрылды. Ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-офистер – кәсіпкерлерге кеңес беру үшін арнайы жабдықталған шағын автобустар іске қосылып жатыр. Тек 2025 жылдың өзінде “Даму” қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 триллион теңге болатын шамамен 13 мың жоба қолдау тапты”, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл қолдау шаралары жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік берген.
"Тегін тексермей, ақылы қызметке жіберді": МӘМС жайлы айтқан алматылық емхана қызметкері қысым көріп, жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді