LRT-ның екінші желісіне қатысты жоспар: Астана әкімі Тоқаевқа есеп берді

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы мәлімет берілді.
Жеңіс Қасымбек Астанада барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалатынын жеткізді.
Елорда әкімінің сөзінше, биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңге болды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайыз жоғары. Олардың арасында өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда, логистика салаларына қатысты жобалар бар.
“Бүгінде Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұр. Елорданың қоғамдық көлік жүйесін жандандыру мақсатында жобаның екінші кезеңі пысықталып жатыр”, – деді ол.
Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй алаптарын көркейту жөнінде айтты.
Кейінгі жылдары Астанада 44 мектеп салынған. Ал жаңа оқу жылында 12 білім ошағы ашылады. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
2028 жылға дейін 2 перинатальды орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ.
Елорда әкімі қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы, Smart City жобасының іске асырылуы туралы баяндады.
“2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген”, – деді ол.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қызметін оң бағалап, елорданы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Артында аяғы ауыр әйелі қалды: Алматыда жоғалып, денесі табылған 25 жастағы Ерзаттың туыстары күмәнді жайттарды айтты
Оқыңыз