Алматы облысында жол опырылып үлкен шұңқыр пайда болған

Алматы облысындағы ауылдардың бірінде жол опырылды. Жол үстіндегі терең шұңқырдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған дерекке қатысты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі жауап берді. Ресми мәліметке сәйкес, 6 мамыр сағат 07:45-те Балтабай ауылдық округіне қарасты Ақтоған ауылының Самал көшесінде жергілікті маңызы бар жолдың опырылып түскені туралы хабарлама түскен. Опырылған жердің тереңдігі мен ені шамамен 2-3 метрдей болған.
Аудан әкімдігі 1960-жылдары бұл учаскеде "Есік дендрологиялық паркі" РМҚК-ның орталық жинақтаушы резервуары орналасқанын мәлімдеді.
“Кейін резервуар бетон плитамен жабылып, үстіне топырақ төгілген. Ол кезде бұл аумақ бос жатқан еді. 2009 жылы бұл жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін беріліп, қазір мұнда елді мекен пайда болды. Уақыт өте келе резервуар үстіндегі бетон плитаның құлауына жол төсемі шөгіп, соның әсерінен шұңқыр пайда болған”, – делінген жауапта.
Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі шұңқыр анықталған сәтте жол екі жағынан жабылып, автокөліктер үшін айналма жол ұйымдастырылғанын хабарлады. Дәл қазір жолды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған.