“Тегін қаралуға “Парасат” орденінің де қауқары жетпеді”: Радио ардагері Сауық Жақанованың екі құлағы да естімей қалған

“Қазақ радиосының Ақбаяны” атанған белгілі диктор, ұстаз Сауық Жақанованың екі құлағы да естімей қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Диктордың қазіргі жағдайы жайлы танымал журналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол Сауық Жақанованың былтыр Ақордада Президенттің “Суретке түсейік” деген сөзін естімей қалғанын еске алды.
Журналистің айтуынша, ұстаз бүгінде түк естімейді.
“Былтыр 80 жасқа толған Сауық апай Ә.Байжанбаевтың тікелей шәкірті, радио ардагері, екі құлағын радиоға беріп, бүгінде түк естімейді, аппаратсыз жүре алмайды”, – деп жазды ол.
Былтыр Қарағандыда Сауық Жақанованың жеке шығармашылық кеші өткен. Дана Нұржігіт сол кештегі көріністен жүрегі ауырғанын ашық айтты.
“Мен сол ортаға арнайы бардым. Қолына ұстаған микрофоны құлағындағы аппаратқа жақындап кеткен сайын, құрылғы шыңылдап кете берген соң апай аппаратты шешіп отыруға мәжбүр болды. Құлағы тас керең адамның жайы белгілі ғой, Сауық апай аңтарылған күйі, сахнаға көтеріліп өзіне тілек айтқан адамдарды бірін ернінен, бірін ишаратынан түсініп, бір жерде күліп, бір жерде дауысын көтеріңкіреп шама шарқынша сахна мәдениетін сақтап отырды. Кеш соңына дейін. Жүрегім ауырды әлгіні көріп”, – деп жазды ол.
Журналистің сөзінше, радио ардагері ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының ұлттық госпиталіне тегін қара алмаған.
“Алматыдағы Совмин ауруханасына тегін қаралуға Президент қолынан алған “Парасат” орденінің қауқары да жетпепті”, – деп жазды ол.
Дана Нұржігіт бүгінде Сауық Жақанова кішкентай зейнетақысын жеткізіп, ақылы түрде емделіп жүргенін жеткізді.
“Біз 80-ге келген құрметті ардагерлерімізге елге сіңірген еңбегінің қайтарымы болуға тиіс шақта қамқор болуымыз керек қой! Оларды қаржылай қолдайтын қор ашу керек пе, кәсіподақтардың осындай жағдайдағы әрекетін, Совмин сияқты ауруханалардың Уставына өзгеріс енгізу керек пе?! Осыны ойлайтын кез келген сияқты”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін танымал продюсер Баян Алагөзова Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешовамен кездесіп, актрисаға пәтер сыйлағаны хабарланған еді. Сондай-ақ продюсер актрисаға ерекше құрмет көрсетіп, оған тарихи қамзол, эксклюзив зергерлік бұйымдар және уәде еткен тонын табыстады.
"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?
Оқыңыз